Русский Сайттың толық нұсқасы

Сирияға заңсыз жолмен аттанбақ болғандардың ісі соттта қаралуда

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2016
  • 2460

Бүгін Ақтөбеде Сирияға аттанбақ болған 12 күдіктіге қатысты сот отырысы басталды. Олар елден шығып, шетел аумағында болып жатқан қарулы қақтығысқа қатысуды көздеген. Оларды биыл ақпан айында ҰҚК өкілдері тоқтатқан болатын. Алғашқы сот отырысына қатысқан әріптесім Мансұр Есхожиннің репортажы.

Мансұр Есхожин, тілші:

Жалған құжат жасап, шекараға бет алған айыпталушылар Сирияға бірнеше жолмен жетуді ойлаған. Соттың қаулысына сәйкес, күдіктінің біреуі Атыраудан Астраханға, әрі қарай Стамбулға шығуды жоспарлапты. Қылмыстық топтың басқа мүшелері ДАИШ қатарына Қырғызстан арқылы қосылуды көздеген. Бұл жайында бүгін сот отырысында белгілі болды. Оларды ҰҚК өкілдері «Ақтөбе-Шымкент» тас жолында тоқтатыпты.

Тергеу барысында анықталғаны күдіктілер ғаламтор арқылы шетелдегі лаңкестермен байланыс орнатқан. Заңсыз әрекетті жүзеге асыру бойынша ақыл-кеңесті солардан алыпты. Тіпті әлеуметтік желі арқылы ДАИШ-тың басшысы Әбу Бәкір әл Хусейнге адалдыққа ант берген. 

Зейін Жанғалиев, мемлекеттік айыптаушы:

Куәлардың, қатысушылардың мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында істі жабық түрде өткізуіңізді сұраймын. Бұл менің өтінішім.

Мемлекеттік айыптаушы бұл өтінішін еліміздегі лаңкестік қауіптің сары деңгейінің сақталуымен түсіндірді. Нөмірі 2-ші қалалық соттың судьясы Ерлан Бақытжан оның өтінішін қолдап, барлық БАҚ өкілдерінен сот залын босатуын өтінді. Одан соң отырыс жабық есік жағдайында өтті. Ал 5-ші маусым күнгі лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікке іліккен 9 адам бүгін темір торға тоғытылды. Сот оларды 2 айға қамау туралы санкция шығарды. 

Анар Айтжанова, Ақтөбе облыстық соты баспасөз хатшысының м.а.:

Ақтөбе қаласының нөмірі 2-ші сотының тергеу судьясының қаулысы бойынша жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтініштері қанағаттандырылып, ағымдағы жылдың 8 мен 14 маусымда күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.

Мансұр Есхожин, тілші:

Естеріңізге сала кетейін, Ақтөбеде 5 маусым күні болған лаңкестік оқиғада 8 азамат құрбан болды. Қылмыскерлер қару-жарақ дүкеніне баса көктеп кіріп, кейін әскери бөлімге шабуыл жасаған болатын. Ылаң салған 18 адамның көзі жойылды. Сол кезде Ішкі істер министрі бұлар Сириядағы қандай да бір имамның нұсқамасынан соң теракт жасағанын айтқан еді.