Русский Сайттың толық нұсқасы

"Конституциялық реформа қарапайым азаматтарға не береді?",- Е.Карин

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2022
  • 1309

Конституциялық реформа қарапайым азаматтарға не береді? Бұл туралы мемлекеттік хатшы Ерлан Карин арнайы видео  жариялады. Ол ата заңға енгізілетін өзгерістер туралы көпті мазалаған сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, жалпыхалықтық референдумнан кейін адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті артады. Нәтижесінде азаматтардың құқы қатаң қорғалады. Сондай-ақ конституциялық кеңес конституциялық сот болып қайта құрылады. Оған кез-келген адам жүгіне алады және қандай да бір нормативтік акт оның  құқықтары мен бостандықтарын шектейді деп есептесе, конституциялық сотқа шағымдана алады.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Конституциялық соттың шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді және еліміздің бүкіл аумағында жалпыға міндетті саналады. Мұндай түпкілікті шешімдерге шағым келтіруге болмайды. Конституциялық соттың құрамын Президент және Парламент палаталары жасақтайды. Бұл ретте оның судьяларына саяси партияның мүшесі болуға тиым салынады. Осылайша конституциялық сот тәуелсіз, обьективті, дербес әрі бейтарап шешім қабылдайтын орган болады.

Сонымен қатар басты  құжатта облыс әкімдерін сайлау механизімін өзгерту көзделген. Енді әкім сайлауында облысқа кем дегенде екі үміткер ұсынылады және оны облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы сайлайды. Сондай-ақ, әкімдердің дербестігі күшейеді.   Референдумнан кейін депутаттардың жауапкершілігі артады.  Сенімді ақтамаған халық қалаулылары бір сәтте мандатынан айрылуы мүмкін.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Сайлаушыларға бір мандатты округ бойынша сайланған депутаттарды кері қайтару құқы беріледі. Бұл -жаңа механизім. Егер депутат сайлаушыларының сенімін ақтамаса, жұмысын тиімді атқармаса, оның өкілеттілік мерзімінің аяқталуын күтпестен лауазымынан босатуға болады.Осылайша мәжілістің де, мәслихаттың да депутаттары, өз сайлаушыларының,яғни сіздердің алдарыңызда тікелей жауапты болады.


Б. Сатуов