Елімізде прокурорлық қадағалау тәртібімен өткен ғасырда қуғын-сүргінге ұшыраған 250 мыңнан астам азамат ақталды. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижелері туралы берген сұхбатында айтты. Ақталғандардың дені – жер аударылған немесе күштеп көшірілген азаматтар. Мемлекеттік комиссия 2020 жылы Президенттің Жарлығы негізінде құрылған. Ерлан Қариннің айтуынша, қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қажетті заңдық, ұйымдастырушылық, ғылыми-талдамалық бағыттағы жұмыстар қазір аяқталуға жақын.
Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған барлық азаматтарды бір мезетте ақтау емес екенін атап айтқым келеді. Бұл – соттар мен прокуратураның жұмысы. Тиісті органдар мен мекемелер Мемлекеттік комиссияның қорытындылары мен әзірлемелеріне сүйене отырып өз жұмысын жалғастырады, бұрын тиісті заңдардың шеңберіне енбей қалған қазақстандықтардың жаңа санаттарын ақтайды.
Мемлекеттік комиссия жұмысы басталғалы Бас прокуратура 2 млн 400 мың, Ұлттық қауіпсіздік қызметі мың жарым, Ішкі істер министрілігі 5 мың 300-ден астам құжатты құпиясыздандырған. Құпия грифі алынған 50 мыңға жуық материал ғылыми реставрациядан өткізіліп, цифрлық форматқа көшірілген. Енді мемлекеттік комиссияның деректер базасы жинақталатын портал құрылмақ. Осылайша, қуғын-сүргін құрбандары туралы жалпыға қолжетімді ақпарат көзі қалыптасады.
А. Съезбек