Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жоқтаусыз кеткендерді жалпыхалық болып жоқтау керек", - С.Елубай

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2022
  • 1881

Қуғын-сүргін құрбандары, ол -  ұлттың қасіреті. Осы қасіретке әлі селқос қараймыз. Академик Ханкелді Әбжанов Алматыда өткен, құрбандарды еске алу күні осылай деді. Ал, жазушы Смағұл Елубай жоқтаусыз кеткендерді жалпыхалық болып жоқтауға шақырады. Бүгін алматылықтар да марқұмдарға арнап Құран бағыштады. Ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Алматылықтар бүгінгі ауа-райына қарамастан, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсіміне бір кісідей ат салысты. Олардың арасында қала тұрғындарынан бөлек, зиялы қауым өкілдері де бар. Жиналғандар тың тарихтың ашылмай жатқан құпиялары көп екенін тілге тиек етті. Жазушы Смағұл Елубай жазықсыз құрбандарды ақтау бойынша жұмыстарды жалғастыруға шақырды. Сонымен қатар бұл күнді келешекте жалпыхалықтық шараға айналдырса деген ұсыныс айтты.   

Смағұл ЕЛУБАЙ, ЖАЗУШЫ:

Құрметті ағайын ұлт болып қайғыра білмеген халық ұлт болып қуана да алмайды деген сөз бар. Ендеше жылына бір күн ғана біз осы жоқтаусыз кеткен жарты халықты, жалпы халық болып жоқтауымыз керек деп ойлаймын. Туымыз түсіріліп, теледидардағы ойын-сауықтар өзгертіліп, Парламенттке үнсіздік жарияланып, сосын жалпыхалықтық мәңгілік халық атты шеру өту керек деп білемін.

Тарихтағы деректерге сенсек ел ішіндегі 100 мыңнан астам халық, қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Жазықсыз кеткен ұлт зиялыларын атар болсақ: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Тұрар Рысқұлов пен Міржақып Дулатұлы. Сүт бетіндегі қаймақтардың арасында Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов сияқты тағы басқа көрнекті қоғам қайраткерлер бар. Қаралы жиынға келгендер олардың рухына арнап Құран бағыштады. Ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Хангелді ӘБЖАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ, САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ТОЛЫҚ ОҢАЛТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:


Осы қасіретке біз әлі селсоқ қараймыз. Әлі мыңдаған емес жүздеген мың адам қазақтар ақталмай жатыр. Айта берсек бұл бір бітеу жара. Әр үйде, әр отбасында осындай қасірет бар. Ең ауыры сол құрбан болғандардың ұрпақтары өздерінің бабалары немен айыпталды қалай айыпталды білмейді.

Ұлтты сақтап қалу үшін тер төккендердің еңбегін ұрпағы ұмытпау керек дейді көпшілік. Шараның басы-қасында жүргендердің де мақсаты-осы. Сондықтан жапа шеккендердің рухына тағзым ету, әрқайсымыздың перзенттік борышымыз болып қала бермек екенін жадымыздан шығармау керек деп тарқасты.

Ә. Лесбек