Русский Сайттың толық нұсқасы

"Мұндай ниет болған емес, болмайды да",-Қ.Тоқаев

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2022
  • 1963

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев   президенттік өкілеттілігін референдум арқылы тағы да ұзарту ойы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Алматыда өткен Ұлттық ғылым академиясының сессиясында айтты. Президент Конституцияға енгізілетін түзетулер ел болашағын айқындайтын жауапты сәт екеніне назар аударды. Қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру ел азаматтарының қалай атсалысатындарына байланысты екенін атап өтті.

Конституциялық референдум - Қазақстандағы саяси трансформацияның соңы емес, бастамасы. Бұл бағыттағы жұмыстар енді ғана басталды деген Президент азаматтардың қажеттіліктері мемлекетке жаңа міндеттер жүктейтінін айтты.  Қасым-Жомарт Тоқаев саясатта шалт қимылға жол берілмейтінін, ең күрделі геосаяси жағдайларда ол жойқын зардаптарға, деградацияға, тіпті мемлекеттіліктің жоғалуына әкеп соқтыруы мүмкін екенін еске салып,  әр қадамымызға байыппен қарауға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл қоғамдық-саяси өзгерістерге қоғамның сұранысын және халықтың алдағы өзгерістердің шынайылығына деген сенімін көрсетеді. Өйткені, осы реформалар жеке тұлғалардың, соның ішінде Президенттің артықшылықтарын арттыруды емес, бүкіл қоғамның мүддесін көздейді. Менен ел ішінде де, шетелде де Мемлекет басшысы өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартуға, басқаша айтқанда, президенттік өкілеттікті қайта бастауға қамданып жатыр ма деп сұрайды. Менің жауабым біреу-ақ, мұндай ниет болған емес, болмайды да.


Халық қалап отырған демократиялық қоғамға құр ұрандатумен қол жеткізе алмаймыз. Дәйекті де жүйелі жұмыс жүргізу арқылы ғана діттеген межені бағындырамыз. Президенттің бастамаларына байланысты  сарапшылардың пікірі осы. Бастысы - Президент жоғары саяси жауапкершілік мәдениетінің үлгісін өзі көрсетіп отыр, дейді.

Дәурен БАЗАРОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:


Бұл ең бірінші Президенттің демократиялық институттарға сәйкес жасалынып жатқан қадамының өзінен басталатындығының бір белгісін білдірді. Яғни, президент толыққанды ата заңда жазылған тәртіпті сақтайтындығын айтып жеткізді. Бұл алдағы Жаңа Қазақстанда ең басты құрылып отырған заң тәртібінің сақталатындығының бір белгісі.  

Данияр МҰҚИТАНОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ САЯСИ МЕНЕДЖМЕНТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекет басшысы өзінің әр сөзінде  тең құқылы қоғам құруды мақсат ететінін айтады. Ешкімнің де қандай да бір басымдыққа ие болуына жол бермеуін көздейді. Бүгінгі мәлімдемесі де кезекті рет бұл идеяны іс жүзінде өзінен бастап отырғандығын көрсетті.  Яғни, заңға сәйкес өкілеттілігін ұзартпайды.

Сыни ойлайтын ғалымдар қашан да қоғам дамуының қозғаушы күші.  Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құру үрдісінде ой алыптарының рөлі аса маңызды екенін атап өтті.  Дамудың шынайы заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан түсінетін қоғам үшін академиялық қоғамдастықтың жауапкершілік танытатынына зор сенім білдірді. Жиын соңында Президент бірқатар ғалымды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

А. Съезбек