Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің Рауан-2 ауданында үй салуға арналған жер учаскелері қоқыстың астында жатыр

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2022
  • 1836

Ақтөбе іргесіндегі жаңа ауданнан жер алған тұрғындар үй салмақ болғанда оқыс жағдайға тап болды. Қазық қағылған жердің бәрі қоқыстың астында қалған дейді. Олар үлкен аумаққа жайылған қоқыс полигонын өз күшімізбен жинай алмаймыз деп ,  жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.   

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Қолдан жасалған қоқыс полигоны шамамен анаау жерден басталып, бірнеше шақырымға созылып жатыр. Тұрғындар бұл бір жылда жиналған қоқыс емес дейді.

Базарбай БЕКЖІГІТОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жердің қоқысы 1 жыл, 2 жылдың емес, 5-6 жылдың көлемінде төгілген, жылда төгіліп келе жатқан нәрсе. Біздің талабымыз – жерді тазалап берсе, енді мына мусор арасына үй салу мүмкін емес.

Иен далаға қоқысты кім әкеліп тастап жатқанын тұрғындар білмейді. Бірақ, бірнеше рет құрылыс қалдықтарын төккен «Камазды» көрген. Таяқ тастам жерде қоқырсып қоқыс жатса да, көптен күткен жер учаскесіне үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап кеткен жандар бар. Кейбірі тұрмыстық қалдықтар арасынан қағылған қазықты таба алмай әлек.

Тимур БЕКМҰХАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына қағылған қазық менің жер учаскем, жер көлемі маған берілген. Соның бәріне міне қоқыстың бәрін төгіп тастаған. Оның алдында болған жағдай. Үкімет берілген жерді дұрыс тексеріп қарап бермеген жұртқа.

Рауан-2 ауданындағы мыңнан астам жер учаскесі осыдан 4-5 жыл бұрын берілген. Ол кезде қоқыс болған жоқ дейді қалалық әкімдіктегілер. Жапан далаға жайылған қоқысты жинау үшін тендер өткен айда ғана жарияланған.  

Бақұзақ ДАРИН, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Келесі аптада егер арыз-шағым болмаса, обжалование болмаса, жеңімпаз мердігер мекеме анықталып, келісім-шарт жасалып, жұмыстар басталуы керек.

Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл ауданда осындай бейберекет жиналған 20-дан астам қоқыс үйіндісі бар. Оның бәрін жою үшін бюджеттен 95 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

Г. Сейтенова