Русский Сайттың толық нұсқасы

"Мемлекеттік рәміздерді насихаттау Жаңа Қазақстанның концепциясынан тыс қалмауы керек", - спортшы А.Әжғалиев

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2022
  • 2710

Мемлекеттік рәміздерге биыл – 30 жыл.  Ұлттық болмыс пен егемендіктің символы әр азамат үшін  қастерлі. Алты алашты бір мүдде аясына жұмылдыратын  - көк ту мен елтаңба. Жүректі  тебірентетін  - әнұран. Биыл мерейлі мерекеге  орай елімізде 180-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Негізгі шара -ертең.  «Атамекен» этно-мемориалдық саябағында Мемлекет басшысының қатысуымен Ту көтеру рәсімі өтеді. Сондай-ақ республика бойынша Әнұран орындау флешмобы ұйымдастырылмақ. Авто-мото шерушілер қаланың басты көшелерімен жүріп, көк байрағымызды желбіретеді.    

1992 жылдың басында тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік символикаларын дайындауға байқау жарияланды. Тарихи жазбаларға сүйенсек, комиссияға болашақ Мемлекеттік тудың 1200 эскизі, Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі келіп түскен. Ал Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.  Бақ сынаған 600 адамның ішінен Шәкен Ниязбеков, Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов, Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтердің еңбектері Қазақстанның ажырамас атрибуты болып таңдалды. Биыл айтулы мерекеге -30 жыл.

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

Тәуелсіздігіміздің символдарын әр уақытта қадір-қасиетіне жетуіміз керек. Оларды жастайымыздан, үлкен кісілерден бастап барлығы соны қадір тұтып, біздің мемлекетіміздің бүгінгі болып жатқан мейрамына айналдыру әрқайсымыздың қолымызда.  


Рәміздер – мемлекеттің тарихқа негізделген келбеті.  Ұлттық жадыны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттайтын асыл мұра. Сондықтан Жаңа Қазақстан құруда рәміздерді айналып өтпеу керек, -дейді спортшы Абзал Әжғалиев.  

Абзал ӘЖҒАЛИЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ:

Әрбір спортшының үлкен арманы ол – көк туымызды желбіретіп, әнұранды ойнату. Өзім мақтан етемін тәуелсіз ел болған соң. Қаншама мен танимын басқа елдің спортшылары осы тәуелсіздікті армандап  жүрген. Мен осы олимпиадада ту ұстаушы болып шықтым. Сол кездегі сезімім – өзімнің еліммен мақтаныш сезімі болды.  

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көк байрағымыз әлемдік деңгейдегі спорттық сайыстарда 4 мың рет желбіреген. Ал елтаңбамыз ең әсем, ең әдемі елтаңбалардың ішінде  9- орын алады. Ту, Елтаңба, Әнұран - тек тәуелсіздікті айқындайтын атрибут емес, елдің әлеуметтік-мәдени және саяси құндылықтарының жүйесі.  Оны қорғау, насихаттау – әрбір азаматтың парызы.

А. Съезбек