Русский Сайттың толық нұсқасы

Ораза айт келді

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2016
  • 3749

Бүгін оңтүстік жұртшылығы да айт мерекесін ерекше тойлады. Діни мейрам сонау ықылым заманнан келеді. Халық бір-бірінің үйіне айттап барып, тілектер айтады. Алматылықтар бұл күні дастархан жайып, қонақ күтеді. Ал Қызылордада ұлттық ойындар бәсекесі қызып, қайырымдылық шаралары өткізілді. Айт мерекесін қалай өткізген дұрыс? Ришат Асқарбекұлы көнекөз қарияның үйіне айттап барды. 

Алматының орталық мешіті бір мезетте 3 мың намазханды қабылдайды. Алайда бүгін оның ауласына дейін ине шаншар жер қалмады. Қаладағы барлық 50 мешітте айт намазы бір мезетте басталды.

Қазақ халқы Оразадан кейінгі үш күндік айт мерекесін ертеден атап өтеді. Тіпті тоталитарлық Кеңес өкіметі тұсында да халық ешқашан Айт мерекесін атаусыз қалдырған емес. 80 жасқа келген Күпән әже де Ұлық мерекені ес білгелі атап өтеді.  Бұл күндері қарияның шаңырағынан қонақ үзілмейді. Ұлттық дәстүрге сай дастархан мәзірі дайындалып, діни жоралғымен әруақтар рухына құран бағышталады. Күпән Тоқмолдақызының пайымынша, қалада қазір күйбең тұрмыспен жүрген көпшілік діни мерекенің атап өтілуіне мән бермей жатады.

Күпән Тоқмолдақызы, зейнеткер:

Үш күн айттың мазмұны - есік ашық тұруы керек, Құран оқылуы керек. Әруақтарды естен шығармау керек. Үш күн болмаса да, айт намазынан соң үйді-үйді аралап шығу керек. Бірақ қазір жұмыс деп жөніне кетеді бәрі. Оған да тәубә қыламыз. 

Ал қазағы қалың Қызылорда жұртшылығы Айт меркесін ерекше атап өтуді әдетке айналдырған, Мұнда  ұлттық ойындар өтеді. Жылда мешіттердің алдына ақшаңқай үйлер тігіліп, дастархан жайылады. Мұхаммед Пайғамбар: «Бір біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар. Бұл өшпенділікті жояды»,- дейді. Сондықтан осы күні Рамазан сыйлықтары таратылады. 

Талғат Сейткәрім, Ақмешіт-Сырдария мешітінің бас имамы:

Мешіттің алаңынан жеті автобус шықты, олардың барлығында баннерлер ілінген "Рамазан айттың құрметіне тегін автобус қызметі". Оны көрген халық, әрине, Рамазан айтын сезінеді, Оразаның қасиетің сезінеді. Жиырма беске жуық тегін такси қызмет істеді.

Айт кезінде жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, оларды да мейрамнан тыс қалдырмау ең үлкен сауап. Сондықтан жергілікті билік өкілдері көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешектер үлестіріпті.

Кенжегүл Құрақбайқызы, Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

Қаладағы 200 отбасы 4 миллион теңгенің азық-түлігімен қамтамасыз етілді. Соңымен қатар, "Ел-Арай" қоғамдық қоры арқылы да 200-ге жуық отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілсе, "Сыр мейірімі" қайрымдылық жобасы аясында қаладағы 360 отбасы күнделікті осы ыстық аспен қамтамасыз етілді.

Тарихи мәліметтерде айт 624 жылдан бері аталып келеді. Татулық пен мейірімділікке бастайтын мереке шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Біз мерекемен құттықтап барған Күпән әженің үйіне айттап келген қонақтар қарасы үзілмеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ,  Шарипа САҚТАПОВА