Русский Сайттың толық нұсқасы

Мединедегі терактіден 5 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2016
  • 1974

Террористер Мединеге де жетті. Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын мешіт маңында жарылыс болып, қаза тапқандар саны 5 адамға жетті.  Полицияның ақпаратына сай, жанкешті намазға жиналған адамдарға лық толы мешітке өтпек болған. Алайда жолы болмай, өзін автотұрақ маңында жарып жібереді. "Аль-Арабияның" болжамдарына сәйкес, лаңкес күштік құрылым өкілдерін жоюды мақсат еткен. Олар сол мезетте автотұрақ маңында болғанға ұқсайды. Жарылыстан соң ғибадатхана кешені толықтай қоршауға алынған. Әзірге бір де бір террористік ұйым жарылысты мойнына алған емес.

Ислам әлемінің көшбасшылары Сауд Арабиясында болған терактіні айыптап отыр. "Мұсылман қауымы үшін қастерлі Ораза айт кезінде Мединеде жарылыс жасаған лаңкестерде қасиетті ештеңе жоқ", - деп мәлімдеді. Айта өтейік, дәл осы күні Сауд Арабиясында тағы екі лаңкестік әрекет болған. Оның бірі Эль-Катиф, екіншісі Джидда қаласында.

Қазақстан да Ирак, Ауғанстан, Бангладеш және Сауд Арабиясында болған терактілерді айыптайды. Сыртқы істер министрлігі осы мағынадағы хабарламаны ресми  сайтында жайғастырды. Онда: "Лаңкестік оқиғалардың Рамазан айында өрши түсуі террористерде не ұлттың, не діннің жоқтығын растап отыр", - делінген. 

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА