Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада жазғы тынығу лагерінен шу шықты

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2022
  • 1371

Қызылорда қаласындағы жазғы тынығу лагерінен шу шықты. Кейбір ата-аналар балаларын бір күннен соң алып кетіп жатыр. Айтуыларынша, оқушылар құрылысы аяқталмаған ғимаратта жұмысшылармен бірге түнеген.  Балалардың спорт, ойын алаңы атымен жоқ. Ал 10 күнге арналған тегін жолдамамен оқушыларды облыстық білім басқармасы қамтамасыз еткен. Аймақтағы тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Бұл көріністі Нұргүл Жұмабекова ұялы телефонына түсіріп алған. Айтуынша, тынығу лагерінде балалардың демалуына жайлы жағдай жоқ. Оқушылар шаң-тозаңның ортасына ұйықтап, лас бассейнге суға түскен. Ал ішінен киім-кешектерін салатын бірде бір сөре таппадым дейді ол. «Ең сорақысы жасөспірімдер құрылысшылармен бір ғимаратта түнеген» деп ашулы.

Нұргүл ЖҰМАБЕКОВА, АТА-АНА:

30 шақты бала бар десем аз айтпайтын шығармын. Ол балалар 10 күн ана жерде жатқанда жағдайы не болады оның? Сырт адамдармен бірге жатыр. Құрылысшылар екенін білмейді, үлкен адамдар жатты үшінші қабатта дейді. Сыртта өзбек адамдар қайда жатты десем, киіз үйде жатады деп айтты апайлар дейді.

Нұргүл лагердің асханасын түсіре алмапты. Алайда онда түнеген бір күнде баласы аш қалған. Оқушыларды мұндай тегін жолдамамен білім басқармасы қамтамасыз еткен. Шиелінің Бірлестік ауылынан көпбалалы отбасынан шыққан 4 бала барған екен. Ата-аналар мән жайға қаныққан соң оларды лагерден алып кетіпті. «Сыр төресі» тынығу лагерінің басшылығы болса, түсірілім тобын ішке кіргізуден бас тартты.

«Сыр төресі» лагері мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сай өткізілген конкурстан жеңімпаз болып танылған. Бірақ ғимараты толық бітпеген, спорт, ойын алаңы жоқ демалыс орнының қандай негізде ұтқандығы ата-аналарға жұмбақ болып отыр. Ал білім басқармасындағылар әлеуметтік желіге былай деп жазба қалдырған.  

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ:

Бүгінгі күні «Сыр төресі» жеке лагерінің келісім-шартта көрсетілген талаптарды орындамауына байланысты екіжақты келісім шартты бұзу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткіземіз. Сонымен қатар, аталмыш лагерден барлық балалар қайтарылып, олар тиісінше жазғы тынығумен қамтамасыз етілетін болады.
 
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кешелі бері аудандардағы жазғы тынығу лагерін аралап жүр. Ал қаланың қақ ортасындағы мынандай сұмдық жағдай оның назарынан тыс қалған сыңайлы.  

М. Тоқтасынқызы