Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаржы пирамидасын жарнамалағандарға қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2022
  • 1618

Қаржы пирамидасын жарнамалағандар темір торға қамалмақ. Бүгін Мәжіліс арнайы заң жобасы мақұлданды. Құжат нені көздейді? Сондай-ақ депутаттар  Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысын неге сынға алды? Блогерлер пікірі қандай? Сауалдарға тілшіміз жауап іздеді.   

Қаржы пирамидасын жарнамалаған блогерлер мен вайнерлер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаңа заң жазаны қатаңдатуды көздейді.

Юрий ЛИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
 
Біз 217/1-бап түрінде ұсынып отырған бұл шара қаржы пирамидасы сияқты құбылысқа нақты заңнамалық жауап болады. Осы бапты енгізгеннен кейін атақты адамдар, блогерлер мен вайнерлер және басқа да қоғамдық пікір жетекшілері белгілі бір қаржы өнімдерін жарнамалау кезінде анағұрлым мұқият және жауапты болады деп үміттенемін.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысын сынға алды. Ол жауапты агенттік "қаржы пирамидаларының жолын дер кезінде кеспеді, адамдарға алдын ала ескертпей, жаппай зардап шегуге дейін жеткізді" деп ашуланды. Депутат қаржылық пирамидалардың әлі күнге дейін бизнесін дөңгелетіп отырғанын түсіне алар емес.  

Дания ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Гарант 24 ломбард" бір жылдан артық сіздердің танауларыңыздың астында ашық жұмыс істеді. Мұны қалай түсіндіресіздер? Қашан 27 мың адам зардап шегеді деп күттіңіздер ме? Сонымен бірге бүгінде әлеуметтік желіде адамдарды тартып жатқан компаниялар бар екенін білемін. Ресейде жабылған, бірақ Қазақстанда жұмыс істеп отырғандар бар. Сіздер қалай жұмыс істедіңіздер? Алдын ала шараларыңыз болса, көптеген адамды қалай тартып алып жатыр?


Мәселеге қатысты депутаттар құзырлыларды да сұрақтың астына алды. Сауалдарға ІІМ-нің өкілі жауап берді. Қаржы пирамидаларын жарнамалау және басқа да заңға қайшы контент үшін әлеуметтік желілерді мониторингтеуге арнайы жабдық сатып алынғанын хабарлады.

Марат ҚОЖАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бағдарламаның алгоритмдеріне ықтимал бұзушылықтарды куәландыратын арнайы критерийлер мен белгілер енгізілген, егер фактілер туралы айтатын болсақ, онда осы жылы қаржылық пирамидалар мен алаяқтық желісі бойынша біз осындай 31 ресурсты анықтадық. Олар бойынша ақпаратты біз осы сайттарды, ресурстарды бұғаттау үшін уәкілетті органға жібердік және бүгін олардың 15 –і бұғатталды.

"Кемпір беріп, қыз алу мүмкін емес" дейді елордалық блогер Дәулеттен Төлеутайұлы. Дәулет бұл заң жобасын қос қолдап отыр. Себебі, "менің атымнан да парақша ашып, қаржы пирамидасын жарнамалап жүргендер қаншама" дейді.

Дәулеттен ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, БЛОГЕР:

Депутаттар қабылдаған заңды толығымен қолдаймын. Яғни сол қаржылық пирамиданы жарнамалаған танымал, блогер болсын әнші бола ма жазасын тарту керек. Кейбіреулер сенеді, фанаттары болады. Сөйтет те қанша ақша алады. Кредитке батады да, сөйтіп пирамиданың құрығына ілініп жатқандар қаншама. Санадық 90-дай фейк аккаунт бар енді. Даулеттен көмек, Дәулеттен баспана. Дәулеттен кредит деп.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, бұл Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленуде. Қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, қолданыстағы заңнамада бар құқықтық олқылықтарды жоюды көздеп отыр. Сондай-ақ қаржылық пирамидаларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізу мақсатында әзірленген.

Ә. Дүкембаева