Русский Сайттың толық нұсқасы

Таза суға миллиондап ақша бөлінсе де, халық арықтан су ішіп отыр

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2022
  • 1384

Арыққа күні қараған ауыл. Түркістан облысындағы Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындары ауыл ішімен ағып жатқан арықтың суын ішуге мәжбүр. Бюджеттен бірнеше рет миллиондап қаражат қаралғанына қарамастан отыз жылдан бері таза ауыз суға қолымыз жетер емес дейді. Соңғы он жылда екінші рет қомақты қаржы бөлінгенін алға тартқан ауылдықтар су шықпайтын жерге тағы да ақша құртып жатқанына іші ашиды. Шуласқан бұқараның тіршілігін әріптесім Айзада Төребекқызы көріп қайтты.

Бетінде қоқымы қалқыған лай судың өзін тұрғындар ақшаға сатып алады. Әр отбасы ауласынан су сақтайтын терең құдық қаздырып алған. Кір қоңы мен ас-ауқатына да осыны қолданатуда.    
 
Ержан СМАНОВ, АҚЖОЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Айына қысты күні 5 тонна су кетеді, ішіп қоямыз 5 тоннаны да, ал, қазір шілдеде жаздың күні айына екі рет құйдырамыз. 10 мың теңге кетеді әшейін қара судың өзіне, 10 мың теңге кетеді.
   
Келес ауданына қарасты Ақжол мен Қауыншы ауылындағы ағайынның отыз жылдан бері көрген күні осы. Өзбекстанмен шекарада орналасқан елді мекеннің халқы қазір  көрші елден келетін арыққа тәуелді. Ағын судың арамы жоқ десе де денсаулыққа зияны тиіп жатыр дейді.
 
Гүлжамал БЕКМҰРЗАЕВА, АҚЖОЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Судың зияны почти 90 процент, 100 болмаса да, бүйрек ауру. Даже кішкентай балалардың өзі бүйрек ауру.
 
Зейнегүл ҚОЖАХМЕТОВА АҚЖОЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Больницаға барсаң қазір екінің бірі іш ауру. Міне, мына қайнымның баласы кеше іші ауырып, тағы түсті больницаға. Алдын келініп бар еді, ол да қайта-қайта түсті. Ыстығы шығады, іші ауырады. Міне, кеше ғана келініміздің баласы ол да жатты, мысалы. Осы судың әсері.

 
Алпамыс батыр ауылдық округінде 6 мыңдай тұрғын бар. Осыдан он жылдай бұрын 100 миллион теңге бөлініп, ұңғыма қазылған. Алайда бір тамшы да су шықпады, ал мердігер сотталып кетті. Азабын қара халық тартып жатыр деген тұрғындар былтыр басталған жұмысқа да көңілдері толмай тұр. Білулерінше, соңғы рет осы сәуірден қалмай таза су ішесіңдер деп сендірген көрінеді.   
 
Гауһар ЖОРАЕВА, АҚЖОЛ АУЫЛЫНЫҢ КӨШЕ БИІ:

Отыз жылдан бері су жоқ бұл ауылда. 10 жыл бұрын істеген, өкіметтің ақшасы кетті аспанға ұшып. Енді қазір ол кезде жүз қанша миллион болса, қазір 893 млн бөлініп отыр осыған. Бірақ бұл су - шықпайтын су, халықтың бәрі көзі жетті. Бұл аспанға ұшып жатқан ақша.

 
Ақжол ауылында үйді үйге су кіргіземіз дегендер ішкі жолдарымызды да жарамсыз етіп тастады деп өкпелі. Айтуларынша,  жауын-шашынды күндері балалары балшыққа батып жүр.
 
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Су жүйесін жүргізгендер көше көшеге құбыр тартқанмен жұмысты соңына дейін жеткізбепті. Мынадай құдықтардың беттері күзден ері ашық жатыр дейді тұрғынар. Бір емес, бірнеше рет бала түсіп кеткен. Сондықтан мына секілді бөренелерді қойып амалдауда.

 
Ал ауданның коммуналдық саласына жауаптылар ауыл халқы құжатқа сәйкес жыл соңына дейін сапалы су ішеді деп сендіріп отыр. Тек әу бастағы жоспарда көрсетілген тереңдіктен су шыға қоймағанын жасырмады.
 
Санжар АМАНГЕЛДИЕВ, КЕЛЕС АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Су барлау жұмыстарын жүргізген облыстық энергетика басқармасы заключение берген қорытынды. Ол жерде сол 100 метр деп берген, мердігер соған сәйкес қазды 100 метрді қазды. Бірақ дебиті аз судың. Енді екі көлемінде ғой бұл жерде, екі ай құрылыс жұмыстарын жүргізеді, бұрғылау жұмыстарын, әрі қарай результатын көреміз, қортындысын.

 
Халыққа қайткен күнде сапалы су беру мақсатымыз деген жауаптылар қазір ұңғыманың тереңдете қазу жұмыстарын қайта қолға алған. Тек тағы қанша қазатындарын өздері де білмейді.
 
А. Төребекқызы