Русский Сайттың толық нұсқасы

Орал қаласын сумен қамту жүйесінің тозығы жетіп, апатты жағдайда тұр

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2022
  • 1233

Орал қаласына экологиялық апат қаупі төніп тұр. Өйткені шаһарды тіршілік нәрімен қамтитын насос стансасының әбден тозығы жеткен, бұл аздай шайынды су қондырғылары да әбден ескірген. Өңір халқын қинаған осы және өзге де өзекті мәселелер бүгін «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің талқысына түсті. Тілшіміз жалғастырады.

Таңмен таласа кезекке тұрған оралдықтар үшін қант үшін жаға жыртысу - үйреншікті көрініс. Сондағы алатыны - адам басына 3 килограмм ғана. Зарықтырған шекер базарда да жоқ. Ал шенеуніктер: қант тиелген вагондардың алды Оралға жетті, енді тапшылық болмайды деп сендіреді. Бірақ баға бұрынғыдан екі есеге қымбаттаған.

Мирас СҮЛЕЙМЕН, БҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Отандық қант зауыттарының жіберу бағасы 450 теңгені құрайды. Сәйкесінше, біздің көтерме жеткізушілер заңды талабына сәйкес, 15 пайызын қоса алады сауда үстемесін. Одан кейін бөлшек сауда немесе розничная торговля деп атаймыз. Олар да көтерме саудалаушылардан алып, заңды талабына сәйкес, 15 пайызын қоса алады. Сол кезде жаңағы айтқан 30 пайыз шығады.

Бұрын өңірге қажетті қанттың 60 пайыздан астамы Ресей мен Белоруссиядан әкелінетін. Енді олардың орнын толтыруы тиіс отандық зауыттан бағамен өнімді молынан сатып алуға кәсіпкерлер де бата алмай жүр. Өйткені баға сәт санап құбылады.

Жандос НЫҒМЕТОВ, ЖШС ӨКІЛІ:

Кәсіпкерлерді де түсінуге болады. Олар үшін қазір тұрақтандыру қорымен бекітілген бағаға келісімшартқа отырса, үлкен шығынға бату тәуекелдері бар. Соған байланысты заставить ете алмаймыз. Экономикамызды БҚО бойынша кішкене абдырап қалып жатырмыз.

Махамбет СҰЛТАНҒАЛИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Әрине, сіздерде маман аз екенін түсінемін. Бірақ бұлай отыра беруге болмайды. Жақында бір шенеунік ақша жоқ деп алақан жаяды. Бірақ ол - менеджер ғой! Осы істі орындайды атқарады деп сеніп тапсырғасын, жұмыс істеу керек! Сылтауды қою керек! Базарды тексеруге қоғам белсенділерін тарту керек. Аз уақыттан кейін халық көкөніс тұздап, жеміс-жидек қайнатуға кіріседі. Дағдарыстың көкесі сол кезде басталады. Ал белсенділер қай жерде не болып жатқанын айтып, хабарлап отырады.

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңесте қала жолдарын жөндеу және сумен қамту ісі талқыланды. Бүгінде жол құрылысына сапасы талапқа сай келіңкеремейтін ақтаулық битум қолданылады. Осының шешімін табуды ескерткен партиялықтар ауыз су мәселесіне де тоқталды. Өйткені қалада тіршілік нәрімен қамтитын құбырлар жиі істен шығатын болған.

Әнуар ӘРКЕНОВ, «БАТЫС СУ АРНАСЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Былтыр қосымша жерасты суын пайдалану үшін 18 скважина бұрғыланды, бірақ мәселе шешілмеді. Өйткені бар суды қалаға жеткізе алмай жатырмыз. Себебі тәулігіне 45 мың текше метр суды айдауға насостың күші жетпейді. Бұл қондырғының пайдаланылғанына жарты ғасырдан асты.

Мамандардың айтуынша, су құрамында темір мен марганецтің мөлшері көбейген. Ал бұл адам ағзасына зиянды. Сонымен қатар шайынды су ағатын қондырғылардың да тозығы жеткен. Егер бұл жүйе істен шықса, лас су қалаға жайылып, экологиялық апат орнауы әбден мүмкін.
 
Е. Карин