Русский Сайттың толық нұсқасы

Қанттың келісі 920 теңгеден сатылған

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2022
  • 1538

Қант тапшылығынан ірі кәсіпорындардың жұмысы шатқаяқтады. Соның бірі Алматыдағы "Рахат" кондитерлік фабрикасы. Өңірлерде де жағдай оңып тұрған жоқ. Қант табылған күннің өзінде бағасы аспандап тұр. Тіпті келісін 920 тенгеден сатқан. Ал енді бір дүкендер қымбат болса да, кезектегілерге шектеп беріп жатыр. Бірақ балаларға бермейді. Мәселе қашан шешіледі?

Атырауда құмшекер қат. Ірі супермаркеттердің біразының сөресі бос тұр. Тіпті ескі бағаны да өзгертпеген. Халық бірінен шығып, екіншісіне барып сабылып қант іздеп жүр. Олар дүкен иелері тапшылықты қолдан жасап отыр,- деп топшылайды.  

Күлән ҚАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше естідік қаппен сатқанын. 50 келіден халыққа сатыпты. Масқара ғой. Ол спикуляция. Оны өздері жасап отыр «Ярмарка» да, «Лидер» де. Лидерден алдым 3 келі. Балаға бермейді. Үлкен бала керек,- дейді. Енді құдай сақтасын.

Қанттың келісі шағын дүкендерде 800 теңгеден сатылуда. Сондықтан көпшілік тауарды әкімдік бақылауда ұстап отырған ірі супермаркеттерден іздейді. Онда бұған дейін 385 теңгеден сатылған құмшекер, екі күннен бері 517 теңгеге бір-ақ шыққан. «Қант бар. Тек оны 3 келіден бөліп салуға үлгермей жатырмыз»,- дейді ондағылар.

Дамира ТҰРЫСБАЕВА, ДҮКЕН ДИРЕКТОРЫ:

Кеше кешке бөліп салғанның бәрін халық алып кетті. Түнгі 1-ге дейін жасаған соң жетпей қалды. Таңертең ерте келеді қызмектерлер 9-да. Сол кезде қантты салып шығара береді. Кейде болады үлгермей қалатын. Жеткізетін поставщик бағаны қымбаттатып отыр. Жолдың шығындарын, бұрын  359 теңге болды кешеден бастап 517 теңгеден сатылып жатыр.

Алматы облысында да жағдай мәз емес. Қарасай ауданының дүкендерінде 1 келі қант 820 теңгеден сатылуда. Кәсіпкерлер қаладан қымбатқа сатып алып отырғандарын уәж қылды. Келісіне 20 теңге ғана қосып отырғандарын айтты.  

Томирис ЕРЕМЕНКО, ДҮКЕН САТУШЫСЫ:

Қазір қант тапшы. Біз таза бағасының үстінен көп қоспаймыз. Дегенмен, тұрғындар үшін қымбат болып тұр. Өзіміз де қанттың бағасынан шошынамыз. Күннен күнге қымббатап жатыр. Көп жерде осындай жағдай.

Тұрғындар мәселенің сиырқұйымшақталып кеткеніне наразы. Қант қаншалықты қымбат болса да, бала-шаға үшін амал жоқ алуға мәжбүр.  

Нұрбала НАҚЫПБАЕВА, ҰЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы қанттың бағасы неге қымбаттайды деп өзім ойланамын. Менің мамандығым агроном. Отыз жыл совхозда істедік. Сол кезде совхоз ауыл болып қант қызылшасын тердік. Ол уақытта 1 мешогы 4000 болған. Қазір сөз жоқ айтқанға. 1 кг 700 теңге деген не болған. Субсидия беріп жатыр. Неге солай қымбаттайды білмейміз!

Бұқара қантты 920 тенгеден сатқан дүкендердің бар екенін айтады. Жергілікті әкімдіктегілер мұны растады. Талапқа сай тауардың үстінен қосылатын баға 15 пайыздан аспау керек- деді. Дегенмен ауданға 15 мың тонна қант келе жатқанын айтып жұбатты.  

Ерсұлтан ЖҰМАХАНОВ, ЖАМБЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бізде қанттың бағасы 600-620 теңге. Кешегі 920 теңгелік қантты сатқан дүкенді таптық. Ол дүкенде 920 теңге болу себебі олар "Арман" бренді қантын алып, ұсақталған түйіршікті, ал ол әлеуметтік қант болып саналмайды. Кеше ол кісілермен жұмыс атқарылып, ол қанттар алынып тасталды.

Әкімдіктегілердің айтуынша, мониторинг барысында көп дүкен сатып алынған тауардың құжатын көрсете алмайды. Оларды қайдан сатып алып келгені де белгісіз дейді. Ал бұл өз кезегінде тексеріс жүргізу үшін қиындықтар тудырып отырған көрінеді. Айта кетейік, отандық «Рахат» ірі кондитерлік фабрикасы да қантты көп қажет ететін тәтті-дәмділерді шығарудан бас тартуда. Бұған дейін Шымкенттегі филиалын шілдеге дейін тоқтатқан болатын.