Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет қымбатшылық құрсауынан халықты құтқара ала ма?

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2022
  • 1387

Бағаны ұстау қиындап барады. Ырыққа көнбей тұрған инфляция мамырда 14 пайызға тағы өсті. Ұлттық банк төрағасы бұған негізінен азық-түлік бағасы әсер етті деп отыр. Картоп, қант, қызанақтың бағасы апта сайын құбылуда. Жеміс пен көкөністі былай қойғанда ұн, жұмыртқа, сұйық май сияқты күнделікті ішіп-жемнің өзін қымбатқа алуға мәжбүр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар да қалысар емес. Инфляцияның көз ілестірмей кеткеніне әлемдік баға әсер еткен көрінеді.

Ғалымжан ПІРМАТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:
 
Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына жоғары қысым көрсетуде, олардың өсуі 11,1-ден 11,9 пайызға дейін қарқын алды. Ақылы қызметтердің инфляциясы реттелетін қызметтер бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан 8,9-дан 9,1 пайызға дейін өсті.

Ұлттық банк жыл соңында инфляция деңгейі 13 пайызға не түседі, не 15 пайызға дейін барады деп болжам жасады. Ал келесі жылы инфляцияның өсу қарқыны баяулайды деп отыр. Ғалымжан Пірматовтың баяндамасынан кейін Премьер-министр Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтуі керек деді. Сондай ақ бағаның үстемесін үнемі бақылап отыру міндет.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19 пайызға жетті. Бұған ең алдымен, азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі әсер етіп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді іс-шаралар қабылдауы тиіс.

А. Базарбай