Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы жайылымдарды халыққа қайтарып жатыр

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2022
  • 1322

«AMANAT» партиясы игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді халық игілігіне қайтаруда. Партиялықтардың бастамасымен жайылымдық жерге қол жеткізген өңірдің бірі Қарағанды облысының Нұра ауданы. Осыған дейін төрт түлігіне жайылым таппай, өрісі тарылған тұрғындар үшін қосымша 80 мың гектардан астам жайылымдық жер берілді.

Апта бұрын аймаққа ат басын бұрған «AMANAT» - тықтар аз уақытта түйткілдің түйінін тарқатып, мәселені меморандум арқылы шешіп берді. Меморандум ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ауыл әкімдері және жергілікті қоғамдастық арасында жасалды. Мұндай тәжірибені енді бүкіл еліміз бойынша енгізу жоспарлануда.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

«AMANAT» партиясы жергілікті атқарушы органдармен бірігіп отырып, жайылымдық жерлерді халыққа қайтарып беруді бастады. Ел бойынша 22 млн.гектар жайылымдық жер халыққа тиесілі. Керісінше мына шаруашылықтарда 41 млн гектар жер артық. Қазіргі мақсатымыз бүкіл ел бойынша осы мәселелердәің бәрін анықтап, халыққа жайылымдық жердің бәрін алып беру.
 
Құрамына 25 ауылдық округ кіретін Нұра ауданының 7 елді-мекенінде ғана жайылымдық жер жайы шешілгенді. Қалғандары қолдағы азын-аулақ төрт түлігін от-суға қанықтыра алмай келді. Енді өңір тұрғындары үшін жайылым артып, жер кеңейді.
 
Зарлық МАҚСҰТОВ, ҚАРОЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір жұма бұрын келді бұл кісілер. Ауылға келіп, Қарой ауылына келіп, сұрақтарды көтеріп, осы әсіресе жайылым туралы мәселе көтеріліп, міне бір жұма өткеннен кейін сол мәселенің қалай шешіліп жатқаны туралы есебін тыңдадық. Онымен қоса тарихи мәселе аудан көлемінде әрбір ауылда меморандумға қол қойылды.

 
Дәл осындай меморандумдарға Жамбыл облысының Байзақ ауданында да қол қойылды. Түймекент ауылының тұрғыны Айдар Иманбаевтың айтуынша, партиялықтар халық пен бизнес арасындағы көпірге айналып, түйткілді мәселенің сындарлы шешімін ұсынған.

Айдар ИМАНБАЕВ, ТҮЙМЕКЕНТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жақында ғана референдум өтті. Бәріміз жаңа Қазақстанға дауыс бердік. Осының нәтижесінде, көп кешіктірмей ақ «AMANAT» партиясынан өкілдер келді. Ауыл тұрғындарымен жиналыс жасады. Жайылымдық жердің тапшылығы өте қатты сезіле бастады. Негізі осы мәселемен келген екен ол кісілер.
 
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы жайылым жайын жүйелі түрде шешу үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді  де назарға алып отыр. Бұл ретте жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі бюджеттік бағдарламаны облыстық деңгейден ауылдық округтер әкімдерінің деңгейіне беру, мал басын ескере отырып, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеме нормаларын жаңарту мәселесі қайта қаралады. Елді-мекен шекарасынан 5 шақырым радиуста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайылым беруге тыйым салу мәселесі де талқыға түспек.

Ә. Бердібеков