Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына барды

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2022
  • 860

Барлығы 4 ай ішінде партиялықтар 578 ауылдық елді мекенді аралап, 5 мыңға жуық азаматты қабылдады. Мұны «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері хабарлады. Мобильдік топ алыстағы ауылдарда жұмысын жалғастырып жатыр. Партия өкілдері бұл жолы Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарына барып, ел-жұрттың талап-тілегін тыңдады. Олардың көкейіндегі сан сауалдарына салмақты жауап берді.

Маңғыстау облысындағы Бостан, Оңды ауылдарында шешімін таппаған мәселелер көп. Соның бірі – жұмыссыздық. Ауылда артық жұмыс болмаған соң Гүлнұр Атшыбаева үйрек-тауық асырап ақша тапқысы келетінін айтады. Ісін бастау үшін шағын несие алмақ ниетте. Көпбалалы ана осы мәселенің мәнісін білу үшін  көшпелі қабылдауға келген.

Гүлнұр АТШЫБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Шешеміз деді барлығын. Көмектесеміз деп отыр. Барлығына қанағаттанарлық жауап алдық деп ойлаймын.

Көпшілік жол және жаңа мектеп салу сынды түйткілдерді де көтерді. Ауылдағы жалғыз мектеп 464 оқушыға есептелген. Қазір онда 500-ден астам шәкірт оқиды. Бұл мәселені партия өкілдері де бақылауға алды. Жалпы ел бойынша мобилдік қабылдау барысында «Аманаттықтар»  570-астам ауылды аралап,  бес мыңнан  астам адамнан талап-тілек түскен. Қабылдауға келген қалың жұртқа  заңгерлер одағының өкілдері де  кеңес беріп келеді.

Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең басты мәселе жұмыспен қамту мәселесі. Бұл жерде адамдармен кездесу барысында әрине жұмыс орындары аз болғанның өзінде де өз -өзін жұмыспен қамтуға болады. Сондықтан «Сыбаға», «Атамекен» бағдарламалары бар. Микронесиелік бағдарламалар бар. Соның барлығын да жинастырып  ауыл халқына түсіндіріп жатырмыз. Адам өз-өзіне деген жұмысын тауып алу керек.

Мобильді топ мүшелері  Батыс Қазақстан облысының шалғай елді мекендеріне де барды. Партия мүшелері Долинское, Жарсуат, Қарауылтөбе, Ақбұлақ және Макаров ауылдарын аралады. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Айта кетейік, жыл басынан бері «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына 65 мыңнан астам адам жүгінген. Негізінен көпшілікті әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, баспанамен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу секілді мәселелер толғандырады.

З. Санай

https://youtu.be/S0x-CKuh_8I