Русский Сайттың толық нұсқасы

«Теміржолдағы апат азаймай тұр» - мамандар дабыл қақты

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2022
  • 814

Алматыда жыл басынан бері теміржол бойында 5 адам қаза тапқан. Бұған көп жағдайда жол ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілер кінәлі дейді, «Қазақстан темір жолы». Олар тұрғындарды жолды төтесінен  кесіп өтпеуге шақырады. Апатты жағдайларды болдырмау үшін халыққа ескерту жасап, ережелермен таныстыруға да  кіріскен.

Теміржол маңы - қауіпті аймақ. Бірақ мұны пысқырып жүргендер шамалы. Мәселен, Марина Асықова бүгін әдеттегідей жолдың арғы бетіне осы өткелді кесе өтпек болды. Қайта  мамандар оны дер кезінде байқап ескерту жасады.
 
Марина АСЫҚОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мен теміржолды кесіп өте салу ыңғайлы деп ойлайтынмын. Уақытты үнемдейсің, өзіңді де шаршатпайсың. Бірақ бүгін расында мұның қауіпті екенін түсіндім. Енді жақындарыма да айтатын боламын.

Жол бойындағы қауіп-қатердің бетін қайтаруға теміржолшылар өздері кірісті. Қала шетіндегі теміржол бөлігі маңына шығып, жаяу жүргіншілерге ескерту парақшаларын таратты.

Нұржан АНАРБЕКОВ, АЛМАТЫ МАГИСРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІСІ АЛМАТЫ ЖОЛ ДИСТАНЦИЯСЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ТЕХНИКА БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бүгінгі іс шараның мақсаты осындай теміржолда болып жатқан қайғылы жағдайларды тоқтату,  азайту. Бүгінгі күнге дейін Алматы жол дистанциясының аумағында бөгде адамдардың теміржолды рұқсат етілмеген жерден өтуінің себебінен Алматы жол дистанциясы бойынша 39 экстренный торможение берілген.

Машинист адам тұрғанын көргеннің өзінде ауыр салмақты көлікті кілтті тоқтата алмайды. Мұны әрбір адам білуі тиіс дейді мамандар. Жалпы өңірде жыл басынан бері 700 астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Махмет ӘБЕНОВ, АЛМАТЫ-1 ТЕМІР ЖОЛ СТАНЦИЯСЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жыл басталғалы Алматы – 1 және Алматы – 2 стансасында адам өлімімен аяқталған 5 оқиға болды. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жалпы 246 профилактикалық іс-шара өткіздік. Қабылданған алдын алу шаралардың нәтижесінде апатты тежеу санын 54 пайызға азайттық.

Теміржолшылар мұндай қауіпсіздік шаралар қайғылы оқиғалардың алдын-алатынына сенеді. Шығарылған айыппұлдар халықтың санасына әсер етеді деп үміттенеді.
 
Ә. Лесбек