Бүгін күллі қазаққа құтты қоныс, ұлысқа ұя болған Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Жаңа облыстың төрінде өткен алқалы жиынға Мемлекет басшысынан бастап, қайраткерлер, саясаткерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары, белсенді азаматтар қатысты. Ұлт тағдыры мен ел ертеңіне бағытталған байыпты бастамалар талқыға түскен құрылтай туралы толығырақ әріптесім Әділжан Бердібеков баяндайды.
Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:
Құрылтай – дала демократиясының дәстүрін жаңғыртып, Ұлытаудың ұлы миссиясын қайта жалғады. Ел бірлігін бекемдеп, Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген басқосуда тіл мен жер, еліміздің демократиялық бағыттағы даму жоспары, мемлекетіміздің жаңа саяси кезеңдегі алға жасар қадамдары мен Жаңа Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы талқыланды.
Басқосуда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың жұмысындағы маңызды бағыттарға тоқталып, оның мән-мазмұны мен құндылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізу туралы ұйғарым жасалды. Ұлы ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы ақын Мұхтар Шақановқа Қазақстанның Еңбек ері атағын табыстады.
Құрылтай енді жылына бір мәрте жүйелі түрде ұйымдастырылады. Келесі құрылтай Түркістан өңірінде өтеді. Мемлекет басшысы жыл сайын құрылтайды әр аймақта өткізу сол өңірдің дамуына өз септігін тигізетінін атап өтті. Ал мәжіліс спикері, «АМАНАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов халық пен билік арасында дәнекерге баланған құрылтайда көтерілген мәселелерді шешу үшін жаңа палата құрылатынын айтты.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Құрылтайда талқыланған идеялар мен бастамалар Парламентте, аймақтық мәслихат пен қоғамдық кеңестің алаңдарында қоғамға жеткізіліп отырылуы аса маңызды. Осы мақсатпен таяу күндері Мәжіліс жанынан әртүрлі ұстанымы бар, саяси ұйымдар өкілдерін, сарапшылар мен қоғам белсенділерін қатыстыратын қоғамдық палата өз жұмысын бастайды.
Құрылтайға қатысушылар келелі жиынның киелі жерде өтуіне ерекше мән берді. Ақын Светқали Нұржан Ұлы дала төріндегі өңірдің өткен тарихы мен шежіресін тарқатып, Ұлытаудың ұлт тарихындағы маңызына тоқталды.
Светқали НҰРЖАН, АҚЫН, ҚҰРМЕТ ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:
Әуелі өзім естігенде қатты қуандым. Сенің қазақияңның балашағынан, қазағыңның келешегінен басқа азаматтың, кез-келген азаматтың қайғысы болмау керек қой. Бәрімізде сол қайғының үстінде жүретін адамбыз. Сондықтан Ұлытауда бірінші тұңғыш құрылтай өтеді дегенде мен шын мәнінде қуандым.
Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:
Келелі жиында ел үшін маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Саяси реформаларға арқау болатын заң жобалары жыл аяғына дейін қабылданады. Ал 25 қазанда ел егемендігін ұлықтайтын Республика күнін қайта жаңғырмақ. Қазақтың бірлігін нығайту мақсатында Әулиетау етегінде рәміздер алаңы ашылады. Тағы бір жаңалық, құрылтайдың ауқымын кеңейту үшін «Құрылтай» атауымен арнайы мобильдік платформа құрылады.
Ә. Бердібеков