Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда атыс орын алды

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2016
  • 4090

Қазір Алматыда антитеррорлық операция жүріп жатыр. Бірақ құқыққорғау органдары бұл оқиғаны теракт деп мәлімдеген жоқ. Алғашқы атыс естілгелі оқиға орнында жүрген әріптесім Ришат Асқарбекұлы Алматыда болған жағдайды баяндап бермек.

Қарулы шабуыл Алмалы ауданы ішкі істер басқармасынан басталған. Куәгерлердің айтуынша, күдікті полиция ғимаратының кіре берісіндегі қызметкердің қаруын тартып алып, Қарасай батыр көшесімен шығыс бағытқа қарай бет алады. Куәгер Әлімжан Өтебаев атылған оқ дауысын естіп, дүкенге жасырынған. Кейін автомат ұстаған азаматтың кепілге көше бойындағы жігітті алмақ болғанын байқап, көмекке келген. 

Әлімжан Өтебаев, куәгер:

Мен осы жерден базарға шығып едім. Сонда базардан шығып келе жатып, осы  жерде стрельба басталды да.  Светофордың алдында адамдар автоматпен  деп айқайлап кетті. Сонда бір магазиннің ішіне кіріп тығылдық. Қолында Калашников автоматы, кәдімгі оқты алып, кетіп  бара жатыр. Жас бала, сақалы жоқ, солидный  адам. Ондай деп ойламайсыз.

Бұл шамамен сағат 10 жарымның кезі еді. Ал мына Мұрат есімді азамат әлгі қарулы жігітпен бетпе-бет келген. «Никольский» базарының маңайына көлігімен тоқтаған жігітті белігісіз біреу жағадан алыпты. Көлігінің есігін ашып, автоматын кезенген. Оңайлықпен шыға қоймаған соң, есігіне оқ атқан. Қатты шошыған ол тірі қалғанына шүкірлік етеді.

Мұрат, зардап шегуші:

Машинада отырғанмын. Келіп автоматпен, өзім түсінбей қалдым, ойнап жатыр ма біреу деп. Сөйтіп шық деді, мән бермей отырғанмын. Бір уақытта атты. Сонан соң шықтым. Ештеңе деген жоқ, шық, қаш деді. Түрі қазақ. 20-25 шығар. К-7 машинаны атты мен шошытпақшы болды. Атқаннан кейін шығып отырмын ғой, ол кетіп қалды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сағат 11.15-те күдіктінің бірі Абылай хан мен Төле би көшелерінің қилысына келген. Куәгерлердің айтуынша, Қазақ-Британ техникалық университетінің жанында екі полицейді жаралған адам. Қалалық салық басқармасының ішінен атып шыққан күзетшіге оқ жауыдарған. Содан соң әлгі күдікті «Қазақконцерт» ғимаратының алдында тірідей полицияның қолына түскен.

Дәл осы көріністі өз көзімен көрген Диана да үрей құшағында. Абылай хан көшесінің бойындағы дәмханада жұмысы істейтін қыз, терезе сүртіп жатып, оқиғаны өз көзімен көрген. Көрші салық департаментінің ғимаратында жұмыс істейтін күзетшінің де жараланғанын өз көзімен көрген.

Диана, куәгер:

Мен терезе сүртіп жатқанмын. Бір уақытта мына жақтан қара киінген қолында пистолеті бар адам келе жатты. Осы аралықта біздің күзетші Аян ағай шықты. Ол екеуі бетпе бет келіп қалды. Дәл сол кезде террорист үш рет оқ атты оған. Ары қарай көрген жоқпын.

Дәл осы кезде Алматыдағы ҰҚК департаментінің ғимараты да қоршауға алынды. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем мен полиция ғимарат алдына келіп, жарақат алғандар туралы хабарланған. Ал бұл кезде қылмыскер болуы мүмкін деген тағы бір күдіктінің көлігі Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қилысында көзге түскен. Полицияға қарсы оқ атқан қара түсті Тойота Камридің жүргізушісі көп ұзамай оққа ұшты. Мұны біздің түсіру тобымыз байқап бейнеге түрісіп алды. Оның жеке басы туралы ақпарат әзірге жоқ.

Ал көп ұзамай  «Қазақконцерт» ғимаратының жанында ұсталған күдіктінің жеке басы анықталды. Ол 27 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны екені белгілі болды. Жақында әйел өлтіргені үшін іздеуде жүрген күдіктілердің бірі. Мұндай ақпаратты Ішкі істер министрлігінің терроризмге қарсы орталығы таратты. Ал осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген тағы бір күдіктіні құрықтау операциясы жалғасып жатыр. Қалада «Сирена» деген атаумен оперативтік жоспар енгізілді.

Кейін  WATSapp арқылы Қапшағай әскери бөлімін басып алды, Алматы -1 вокзалына бомба қойылды, деген ақпарат тарады. Бірақ Ішкі істер департаменті мұның бәрін жоққа шығарды. Қазір мегаполисте банктер мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Вокзал мен әуежай жұмыс істеп тұр. Бұл оқиғадан соң Қырғызстан тарапы шекарадағы күзетті күшейткен.  Бұл туралы Интерфаксқа мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлаған. Ал науқастар жатқан жедел жәрдем ауруханасы күзетке алынған. Әзірге дәрігерлер қанша адам ауруханаға түскенін хабарламай отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ