Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар шетінен істі болып жатыр

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2022
  • 1713

Павлодарда «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасынан шу шықты. Жеңілдетілген несие алған шаруалар шетінен істі болып жатыр. Оларға Ресейден асыл тұқымды мал әкеліп берген оператор сан соқтырып кеткен. Жалған құжат жасап, малды шекара асырыпты. Салдарынан 11 шаруашылық мемлекеттен алған несиесімен қоса сусидиясын да кері қайтаруға мәжбүр. Мәселесінің мән-жайын осы өңірдегі тілшіміз Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.

Бұл шаруалар - «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар. Олар осыдан 4 жыл бұрын несие алып, Ресейден асыл тұқымды ірі қара алдырыпты. Алайда, малдың құжаты жалған болып шыққан. Көрші елден мал жеткізуші союға арналған түлікті мал басын көбейтуге деп алып келген. Осы арада шаруалар өсіретін әр малдың басына субсидия алып үлгеріпті.

Орал САРТАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

2018 жылы "Сыбаға" бағдарламасы бойынша несие берді. Ондай жылдам несие беруді бірінші рет көрдім өз басым. Ешқандай кепілдіксіз 25 сиырды кепілдікке алды да, 1 жарым 2 күннің ішінде біздің шаруашылыққа 55 млн-ды шотқа түсірді. болды. Сол кезде күдіктендім. Бұл бір үлкен ойынның ойыншығы болып қалдық - деп.


Шаруаларды сан соқтырған мал жеткізуші сотталып кетті. Сот оған 6 жарым жыл бас бостандығын шектеу жазасын кескен. Ал субсидия алуға арналған құжаттарды ауыл шаруашылық басқармасы қабылдап алыпты.

Бауыржан АХМЕТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Құжаттар мемлекеттік органнан өткеннен кейін бізге сендердің документтеріңіз жалған деп шықты. Ал біз документтің жалған екенін эксперт емеспіз білмейміз. Бас кезінде мемлекеттік орган қайда қарады? Бізге айтса мысалы, мына документтерің қисық, мына документтерің отпейді десе, біз онда тоқтайтын едік.

11 шаруашылық мемлекеттен 200 млн. теңгеден астам субсидия алған. Оның бесеуі  алған ақшасын кері қайтарыпты. Ал қалған 6 шаруа қожалықты ауыл шаруашылық басқарамасы сотқа берген.

Нұрболат МАҚАШЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ауыл шаруашылығы  басқармасына ұсыныстар келді. Берілген субсидияны қайтару жөнінде. Осы ұсыныстар негізінде бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тарапынан сотқа талап арыз берілді.

Аталған іске байланысты облыстық прокуратурада тексеру жүргізген.

Рүстем ЕСЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
 
Тексеріс барысында қарама-қайшы тексеріс жүргізіп, РФ сұраулар жолдадық. Алынған жауаптарға сәйкес субсидия берілген малдарға РФ кәсіпорындарымен сатылмағаны анықталды. Біз бұл туралы облыс әкімінің орынбасарының атына заң бұзушылықтарды жөндеу туралы ұсыныстар енгіздік.

«Сыбағадан» қағылған шаруалар енді несие алған малдарын сойып сатпақ. Себебі, қарызды қайтармаса, сотталып кетуі мүмкін. Ал шаруалар өздеріне мал жеткізушінің тауып берген мемлекеттік органда жазасыз – қалмасын - деген талап қойып отыр.

Ө. Қуанар