Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлдың әкімдігіне тиесілі коммуналдық кәсіпорын жеке кәсіпкерлерге 1 млрд теңге берешегін қайтармай отыр

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2022
  • 1295

Петропавл әкімдігіне тиесілі коммуналдық кәсіпорын жеке кәсіпкерлерге 1 миллиард теңге қарыз. Бірақ сол берешекті қайтармай отыр. Бизнес өкілдері Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасында бас қосып, өз базыналарын құзырлы органдарға жеткізді. Айтуларынша, әкімдіктегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне 100 пайыз тиесілі “коммунхоз” серіктестігі 17 компанияны алдап кеткен. Іскерлер 2020-2021 жылдары коммуналдық кәсіпорынның тапсырысы бойынша қаланы абаттандыру, көшелерді қардан тазалау және жинап-сыпыру сынды жұмыстарды атқарған. Алайда, жауапты мекеме аталған жұмысқа қатысты төлемнің тек азғантай бөлігін ғана төлеген.  17 компания екі жылдан бері қалған ақшасын ала алмай жүр. Кейбірі банкротқа ұшыраған.

Амбарцум ИСКАНДАРЯН, КӘСІПКЕР:

Біздің компаниямыз 2020-2021 жылдың қысында Петропавлда қар шығару және көше тазалау жұмыстарын атқарды. Коммунхоз компаниясы 92 млн теңгенің 10 миллионың ғана төледі. Қалған 82 миллион теңгені мен әлі күнге дейін өндіре алмай келе жатырмын. Сот біздің жақты қолдады. Бірақ коммунхоздың жеке мүлкі жоқ. Сондықтан қаражатты қайтару мүмкін болмай отыр.

Белшеден қарызға батқан коммунхоз компаниясы болса, биылдан бастап жұмысын тоқтатқан көрінеді. Алайда, әлі күнге дейін банкроттық жарияламаған. Ал коммунхоздың 100 пайыз құрылтайшысы болып табылатын қалалық әкімдік аталған коммуналдық кәсіпорынның алдында еш берешегіміз жоқ деп, жауапкершіліктен жалтарып отыр.

Жанболат БАТЫРБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әкімдік коммунхоздың құрылтайшысы болғанымен, бұл кәсіпорын өз ісіне өзі жауап береді. Әкімдіктің коммунхоздың алдында қарызы жоқ. Қазір қалалық әкімдік тапсырысты коммуналдық кәсіпорын арқылы жүзеге асырмайды. Біз мемлекеттік тапсырысты тендер арқылы жүргізіп жатырмыз.

А. Құрманкин