Ақтөбеде «Голд» қаржы пирамидасын құрып, жүздеген тұрғынды тақырға отырғызған 3 адам сотталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Ресей азаматы 12 жылға бас бостандығынан айрылды. Қаржы пирамидасынан зардап шеккендер саны көп болып, тергеу ісі екі жылға созылған. Сот материалы бойынша, Ресей азаматы Ақтөбе, Шымкент, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында кеңсе ашып, екі айдай уақыт жемісті жұмыс істеген. Ел бойынша 10 мыңға жуық салымшы компанияның бірнеше айдан кейін бастапқы салымнан екі-үш есе көп ақша қайтарамыз деген жарнамасына сеніп, ең азы 300 мың теңгеден санап берген. Сөйтіп, жұрт бұл компанияға 10 миллиард 45 миллион теңге қаржы салған. Пирамида құрғандар 2020 жылдың ақпанында қолға түсті. Екеуі – Ресей азаматы, үшіншісі- Ақтөбе тұрғыны. Олар жәбірленушілердің 8 миллиард теңгеге жуық ақшасын қайтарып берді. Қалғанын өтеуі тиіс, дейді сот өкілі.
Гүлжанар ОТАРБАЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Сот үкімімен сотталушылар қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, Литвиненкоға 12 жыл, Москвинге 9 жыл, Қазыбаевқа 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, барлық сотталушылар 7 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарында басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Г. Сейтенова