Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жеке мектептің басшысы «жоқ» баланың есебінен мемлекеттің миллиондарын жымқырған

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2022
  • 1337

«Елес» оқушы. Шымкентте жекеменшік мектептердің бірінің басшысы «жоқ» баланың есебінен мемлекеттің миллиондарын жымқырған. Тергеу барысында құжат бойынша білім мекемесінде 700-дей бала бар деп көрсетілгенмен, шын мәнінде бала саны жүзге де жетпегені дәлелденген. Құрылтайшының  жалған құжаттар жасау арқылы жасаған қылмысы сотпен дәлелденді. Ол 6  жыл бас бостандығынан айрылды.  Бұл іс бойынша оның қалтасын қампайтуға жәрдемдесті деп білім басқармасының екі қызметкері қоса айыпталды.  Сот деректерінде "ауадан ақша жасаған" директордың сәлемдеме ретінде оларға 2 млн теңгеден бірнеше рет беріп жібергені дәйек ретінде келтірілген.

Еркебұлан ТӨЛЕШОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осы ақшаны мемлекеттен алу үшін Дүйсенқызы пара ретінде білім басқармасының бас маманы Айкөзовке 2 млн теңге берген. Ол сот тергеуінде толық дәлелденді. Ал Текебаеваның ақша алғандығы өз дәлелін тапқан жоқ. Сол себептен сот оның іс әрекетін «салғырттық» бабына қайта саралады.


Білім басқармасының бас маманы үш жылға жаза арқалады. Ал басқарма басшысының орынбасарына рақымшылық заңының шарапаты тиген. Лауазымды тұлға үш жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды. Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы сондай-ақ, жоқ оқушы есебінен пайда көрген сотталушының  тергеу кезінде мемлекетке 50 млн теңгені қайтарып бергенін мәлімдеді.Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

А. Төребекқызы