Алматыдағы Қазақстан халықаралық мектебінің түлегі Арай Бейсенбаева әлемнің 25 жетекші жоғарғы оқу орнынан шақырту алды. "Бұл -үлкен еңбекпен келген нәтиже" дейді білімді жас. Шетелде білім алуды кішкентайынан армандаған ол жоғары сыныптарда дайындықты күшейткенін айтады. Мұндай мүмкіндікке жетуінде ұстаздарының еңбегі орасан екенін атап өтті. Арай айтулы университеттердің қайсысының ұсынысын қабылдады? Оны тілшіміз Мөлдір Жақан айтады.
Арай Бейсенбаева бала кезінен әлемнің үздік жоғары оқу орындарының біріне грантқа түсуді армандаған. Сол үшін де ол ерте жастан ағылшын тілін үйрене бастапты. Онан кейін Қазақстан Халықаралық мектебіне түсті. Ал мұндағы мұғалімдер талапты қыздың арманын жүзеге асыруға көмектесті.
Арай БЕЙСЕНБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ:
Мен мұнда дипломдық бағдарлама бойынша 2 жыл оқыдым. Бұл іс жүзінде қиын, өйткені бағдарлама тек академиялық нәрсені ғана емес, сонымен бірге диплом жұмысын жазуды, белсенділік танытуды көздейді. Мен жалпы саны 25 университетке түстім. Олардың барлығы әлемдегі "Топ-50" рейтингіне енген, және қаржыландыруды толық өз мойындарына алған.
Арай Бейсенбаеваға таңдау жасау өте қиын болыпты. Себебі, кейбір университеттер оқу ғана емес, сонымен бірге жүріп-тұру, тамақтану, тіпті жол шығындарын өтеуге дайын болған. Арай ойлана келе, АҚШ-тағы Нотр - Дам университетінде оқуды жөн көріпті.
Арай БЕЙСЕНБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ:
Менің мамандығым бойынша Америкадағы "Топ-5" қатарына кіреді. Менің мақсатым ата-анам менің оқуыма төлемеуі үшін, оларға мен көмектесуім үшін шетелдік университетке толық грантқа түсу болды.
Қазақстан халықаралық мектебін биыл он бір түлек аяқтады. Олардың бір тобы халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша грантта оқыған. Мұнда аз қамтылған отбасы балаларының білім алуына да мүмкіндік бар.
Әсел САҒАТБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Біз стипендияның 3 түрін береміз. Яғни, 100%-ДЫҚ стипендия, 75% -дық стипендия және 50%. Әдетте жыл сайын 6 адам стипендия алады. Олар дипломдық бағдарлама бойынша оқиды, ол балаларды әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын бағдарлама бағдарлама 10 сыныпты бітірген оқушыларға арналған.
Қазақстан Халықаралық мектебінің жоғарғы сыныптарына грантқа түсудің басты талабы - ағылшын тілін жоғары деңгейде білу керек. Ал оқуға түскен соң, шет ел тілін онан әрі тереңдетуге мән беріледі.
М. Жақан