Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілісмендердің аймақтарға сапары жалғасуда

  • AstanaTV
  • 07 шілде 2016
  • 2461

Мәжілісмендердің өңірлерге сапары жалғасты. Бүгін халық қалаулыларының бір тобы Ақтау, Өскемен және Қарағанды облыстарын аралап, ондағы жұрттың тыныс-тіршілігімен танысты. Мәселен, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Бақытжан Ертаев, Евгений Козлов және Нұртай Сабильянов шығыс аймақтағы тұрғындармен жүздесіп, «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 27-ші қадамын түсіндіріп жүр. Бұл сот заңнамасына қатысты тапсырмалар. Яғни енді жаңа талап бойынша сот істерінің 30 пайызы жеке сот орындаушыларының қарауына берілуі тиіс. Қазір бұл міндетті атқарушы тұлғалардың барлығы да даярлықтан өтіп қойған. Енді оның іске асуы қалды. Мәжілісмендер бұдан процестердің мейлінше жеңілдейтінін айтып отыр. Ал оны Әділет министрлігі қатаң бақылайды.

Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Халықпен бірге болсақ, көп жұмысты шешеміз. Сондықтан ойлаймын, Алла бұйыртса, елмен көп сөйлескен салмақты алып, парламентке барғаннан кейін соны шешеміз. Елдің тапсырмасын орындау.

Ал мәжілісмендер - Сәкен Өтебаев пен Тарас Хитуов Маңғыстау облысына барды. Қос депутаттың сапары Қарақиян ауданындағы Жетібай ауылынан басталды. Мұнда олар «Нұрлы жол» бағдарламасының барысымен танысты. Сондай-ақ, «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша салынған 280 балғынға арналған балабақшаны да көрді. Нысанның құрылысына 400 млн теңге жұмсалған. Депутаттар облыстағы тағы бірнеше ауданды аралап шықпақ.

Сәкен Өтебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Осы 10 күн ішінде бізде көп кездесу болады. Осынан шығып, мұнайлы ауданға барамыз. Кездескен кезде сол мәселенің бәрін тыңдап, істелмей жатқан жұмыстарды жеткізу обылыс әкімдігіне, болмаса Үкіметке.

Ал Қарағанды аймағында жүрген "Нұр Отан" фракциясының мүшелері теміртаулық металлургтермен кездесті. Олар «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның зауытында, Елбасы еңбек жолын бастаған домна пеші бар цехта болды. Қазір бұл өнеркәсіпте 13 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. Кездесуде депутаттар күзде еңбек және өндіріс қауіпсіздігіне қатысты бірқатар заңнаманы қайта қарайтындарын айтты.  
 
Құралай ПИОНЕР