Русский Сайттың толық нұсқасы

Пирамида құрғандар үйқамақта отыр – жәбірленушілер наразы

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2022
  • 812

Ақтөбеде қаржы пирамидасынан зардап шеккендер сот процесінің өту барысына наразы. Олар милилардтап ақша алған сотталушылар қалайша үйқамаққа жіберілген деп аң-таң. Оған қоса, жәбірленушілерді сот залына кіргізбей жатқанына ашулы. Қаржы пирамидасын құрды деп айыпталғандарды қамауда ұстау шарасы не себепті өзгерді?  Тілші материалында.

Жинаплғандар «Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард» және «Нұр-Әли Капитал» қаржы пирамидаларына ақша салып, тақырға отырғандар. Бір жылдан бері жәбірленуші ретінде бірнеше рет сотқа шақырылған. Бүгін шешім шығып қалар деген үмітпен сот процесі өтіп жатқан ғимаратқа тағы келді. Бәрінің талабы бір – пирамидаға құйған ақшаны қалай да қайтарып алу.  

Шара МҰРАТАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен 300 мыңнан 2 рет салдым, 600 мың тг. Осы 24 ломбардқа. Қайталап салып тұрмыз ғой біз. Алғаннан кейін қайта салып жібердік. Сосын сотта қандай талаптарың бар дегенде біз айттық: тек қалған ақшамызды қайтарсын дедік.

Ерболат АМАНҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қаланың әр бұрышында жарнамасы жер жарып тұрды. Әкімдіктің дипломы, алғыс хаттарын көрсетті. Соған сендім. Әйелім екеуміз 2 миллион 750 мың теңге салдық. Бір тиын да алмадық. Бәріне олардың жұмыс істегені тиімді болды. Бүкіл халық зардап шекті. Адамдардың ақшасын қайтарыңдар!

Павлодар тұрғыны Евгения Гановскаяның айтуынша, қаржы пирамидасына қатысты іс басталғалы күйзелістен бірнеше адам өз-өзіне қол салған. Жақында жәбірленуші ретінде жауап беру үшін сотқа шақырылған Орал тұрғыны жүрегі ұстап, қайтыс болды дейді ол. Алаяқтарға алданған әйел бәрінен бұрын күдіктілердің үйқамақта отырғанына ашулы.
 
Евгения ГАНОВСКАЯ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз жәбірленуші ретінде күдіктілердің бәрін 9 маусымда үйқамаққа жіберілгеніне наразымыз. Бұл туралы ешқайсысымызға айтылған жоқ. Олар біздің құқығымызды бұзып жатыр. Біздің пікірімізді сұрамады, заң бойынша сұрауы керек еді. Біз бұл жайлы әлеуметтік желілерден білдік. Олар жәбірленушілерге қысым көрсетсе ше? Не зақым келтірсе, кім жауап береді?

Сот ісі бір жылдан астам уақыт жүріп жатыр. Процесс ашық болғанымен, бүгін журналистер сот залына кіргізілген жоқ. Облыстық сот өкілінің айтуынша, күдіктілерден жауап алынған. Олардың үйқамақта отыруының себебін сот өкілі былай түсіндірді:

Гүлжанар ОТАРБАЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Сотталушыларды қамауда ұстау мерзімі 2022 жылғы 10-маусымда аяқталды. Осыған байланысты соттың қаулысымен 31 сотталушыны «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қылмыстық істі мәні бойынша қарағанға дейін «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді.

Ақтөбе сотының ақпараты бойынша, сотталушылар облыс әкімдігі берген үйде үйқамақта болады. Айыпталушылардың кейбірі өзге аймақтарда тұратындықтан, сотқа келуден жалтармасын деп сот осындай қаулы шығарған. Сотталушылар қатарында 48 адам бар. Ал, жәбірленушілер саны 17 мыңнан асады. Олар пирамидаға салған 30 миллиард 440 миллион теңгені қайтаруды талап етуде.  3 мың 786 томнан тұратын қылмыстық істі судья әлі шамамен бір жарым ай қарайды.

Г. Сейтенова