Көп сөзге жоқ Сенаторлар мен сағаттап жиналыс жасайтын Мәжілісмендер бүгін демалысқа кетті. Бүгін кезекті сессиясын қорытындыланып, бірлескен отырыс барысында 9 айда тындырылған шаруа сөз болды. Кім қайда барып демалады? Депутаттарды каникулға шығарып салған әріптесім біліп келді.
Сенаторлар да, мәжілісмендер де мәз бүгін. Жылды қорытындыламақ. Арқаны кеңге салып, демалысқа кетіп барады. Бірақ қайда демалатындарын сұрағандарға, жауап бірдей болды.
Депутаттар демалысқа кеткенімен, Үкімет құрамына күні кеше келгендер демалмаймыз деп бекініп отыр. Жуырда ғана министр болған Саясат Нұрбек енді білек сыбанып жұмысқа кірісемін дейді.
Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Жоқ, жұмыс істейміз біз. Министрлік құру, қазір Үкіметпен тиісті қаулының жобасы құрылып, ішкі келісімге жіберілді. 15-шілде күні министрлік заңды құрылады.
Үкімет демалысты ойлай да алмай жүргенде, депутаттар еңбек демалысына берілген миллиондарды алып мәз.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
2 жарым миллион көлемінде түсті. Мен үшін бұл жоғары жалақы. Бұған дейін бұдан да аз айлыққа жұмыс істегенмін.
Депутаттар ақшамызға сай тер төгіп жұмыс істедік деп отыр. Парламент палаталары биыл 4 рет бірлескен отырыс өткізген. Мәжілістің 42 жалпы отырысында 271 мәселе май шаммен қаралып, 100 деген депутаттық сауалдар жолданыпты. Қос палатамен 78 заң жобасы мақұлданған.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз заң шығару жұмысына ерекше қарқын бердік. Енді осы қарқынды алдыңғы уақытта да сақтаудың маңызы өте зор. Кезекті Парламенттік сессияда заң шығару жұмысы ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында алға қойылған міндеттерді орындауға, конституциялық реформаларды іске асыруға бағытталатын болады. Атап айтқанда, 20-дан астам заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Мемлекет басшысы басты заңдарды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды. Сондықтан біз депутаттар бұл жұмысқа Парламенттің күзгі сессиясы басталған кезде дереу кірісуіміз қажет.
Бір жылда 127 заң жобасын қараған депутаттар осылай 2 айлық демалысқа кетті. Демалыста тапсырманы үйіп төккен Мәжіліс төрағасы депутаттарға өңірлерді аралап, біраз ізденіп келуге кеңес берді. Енді олар қыркүйекке дейін күш жинап келуі тиіс.
А. Базарбай