Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық шенеуніктер салынып бітпеген түрмені сатуға шығарды

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2022
  • 1509

Оралдық шенеуніктер әлі салынып бітпеген түрмені сатуға шығарды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының басшысы Ғали Есқалиев Фейсбуктегі парақшасында жазды. 5,2 миллиард теңгеге бағаланған ғимараттың аумағы 35 мың шаршы метрден асады. Аймақ әкімі бұл нысанды кез-келген бизнеске беруге дайын екенін айтты. Бірақ жастар кешені немесе медициналық орталық секілді әлеуметтік кәсіпорындарға басымдық берілмек. Инвестор табылса, мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалады, дейді шенеунік. Ал тергеу изоляторын сатып алуға ниет білдіргендер облыс әкімінің WhatsApp нөміріне жазса жеткілікті.

Нұрхат ЖАНБОЗ, БҚО ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ресейдің бес облысымен шекараласпыз, өзіміздің екі облысымыз бар көршілес. Оралдан 700 шақырым қашықтықта 20 миллионға жуық адам тұрады екен. Осы үлкен әлеуетті, мүмкіндікті пайдалану керек. Осы бағытта облыс әкімінің ұсынысымен инвесторларды іздестіруде. Облыс әкімінің жеке өзінің уатсапп нөміріне «инвестор» деген тақырыппен жазсаңыздар болады.


Өңір басшысының тергеу изоляторын сатуға асығуы тегін емес. Өйткені құрылысы он жылға созылған нысан  толық салынып бітпеген. Бұл ғимаратты салуға бөлінген қаржыны жымқырды деген айыппен мердігер компания басшысы мен Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары кезінде сотталып кетті. Олар құрылысқа бөлінген 9,6, миллиард теңгенің 1,5 миллиардын қолды қылған.

Е. Карин