Русский Сайттың толық нұсқасы

Украинадан Ақтау порты арқылы жүк жеткізу екі есе қымбат - Ж.Тұрғынбаев

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2016
  • 2775

Қазақстанға Ақтау порты арқылы Украинадан жүк жеткізу екі есе қымбатқа түседі. Қазақстандық ірі логистикалық компания директоры біздің арнаға осылай деп мәлімдеді. Ал қазір Смоленск кеден бекетінде Беларусь пен Ресей арқылы Украинадан шыққан қазақстандық жүк көліктері қаңтарылып тұр. Оған 1 шілдеден бастап күшіне енген Ресей президентінің жарлығы себеп. Мөлдір Бақытқызы тарқатады. 

Украинадан Ресей арқылы Қазақстанға, әрі қарай Қырғызстанға өтетін жүк тасымалдаушылар тығырыққа тірелді. Бірінші қаңтардан бастап, өз аумағы арқылы "Глонасс" спутниктік бақылау қондрығысын тағып өтуді енгізген Ресей тарапы, енді Украина тауарларын өткізуге біржола тиым салды. Путиннің жарлығы 1 шілдеде күшіне енген. Енді Смоленск кеден бекеті кептеліп тұр. Қазақстан тарабы көрші елмен келіссөз жүргізуге кірісті.

Қайрат Маубаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма бастығы:

Бүгінгі күні біз Ресей Федерациясының Кеден қызметімен келіссөз жүргізіп жатырмыз ол тауарды Қазақстанға өткізу туралы. Егер ол келіссөз оң нәтиже таппаса, онда тасымалдаушылар басқа балама маршрут іздеуі керек болады.

Ал ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Федералды кеден органы Ресей президентінің жарлығын өзгерте алмайды, дейді. Сондықтан Украинадан тауар таситын отандық кәсіпкерлерге теріскей арқылы қатынау, енді қисынсыз. Алдын ала, ескерту де айтылған. Оған құлақ аспағандар мыңдаған шақырым жүріп өтіп, амалсыз кері қайтуда. Енді балама маршрут табудан басқа жол жоқ. Қазір Әзірбайжан, Грузия арқылы Ақтау портына жету қарастырылып жатыр. Басқа қолдан келер қайран жоқ.

Дана Жүнісова, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Үкіметпен бірігіп қолымыздан келетін жалғыз шара - ол 1 шілдеге дейін кеден бекетіне келіп үлгергендерге көмектесу. Оны дәлелдейтін құжаттары болуы керек. Демек, олар жарлық күшіне енгенше келіп қойды. Ресейден осы жағдайға түсіністікпен қарауды өтініп көреміз. Ал 1 шілдеден кейін келгендер үшін, Ресей көнбейді. 

Қазақстандағы ірі сауда орындарына азық-түлік жеткізетін логистикалық компания өкілдері енді тасымалдау құны екі есеге қымбаттайды деп отыр. Бұрын Ресей арқылы 1,5 млн теңге жол шығынына жұмсалса, енді Қара теңіз бен Каспий теңізін кешіп өту үшін, 3 млн қажет дейді. 

Жангелді Тұрғынбаев, логистикалық компания  директоры:

Құрлық арқылы Украинаға барып қайтуға 20 күн кетсе, енді ол 27-30 күнге дейін созылады. Ал жүк тасымалына төлейтін қаражат тура екі есеге өседі.

Бұл дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің бағасына да әсер етуі мүмкін. Жалпы украинадан импортталатын тауарлардың үлесі мынадай, жыл басынан бері 5 ай ішінде: өсімдік және ет өнімдері - 35%, дайын азық-түлік тауарлары - 35 %, химия өнеркәсібі өнімдері (каучук, пластмасса) - 15%, ағаш, сүрек, целлюлоза-қағаз өнімдері - 6%, тоқыма тауарлары - 1%, аяқ киім, бас киім, галантерея -  1%, құрылыс материалдары - 2%, металл және металл өнімдері - 4%, машина, машина жабдықтары, транспорттық құрылғылар мен қондырғылар - 31% құрайды.

Айта кету керек, Ресей шығарған жаңа талап баж салығы салынатын таурларға қатысты, оны төлемейтіндер "Глонасс" бақылау қондырығысы арқылы өте береді. Ал Украинадан келетін тауардың 95 пайызына баж салығы салынады.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ