Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы арықтарды жөндеу жұмыстарына 600 миллион теңге бөлінетін болды

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2016
  • 3145

Алматы әкімдігі арықтарды қалпына келтіру жұмыстарына 600 миллион теңге бөлетін болды. Бұл шешім бүгін қалалық мәслихаттың жетінші сессиясында қабылданды. Жергілікті атқамінерлердің айтуынша, қаладағы арық жүйелерінің 50 пайызының жағдайы мүшкіл. 18,2 шақырымдық арық желісін жөндеуге 495 миллион теңге бөлінбек. Сонымен қатар, қалаға жаңа қосылған елді мекендердегі 72 шақырымдық арық желісі 95,4 миллион теңгеге қалпына келтіріледі. Бұдан бөлек 194 шақырымға созылатын су жаңа арық желісін салу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат жасалмақ. Аталған жұмыстар су астында жиі қалатын аудандар аумағында жүргізіледі.

Мақсат Қиқымов, Алматы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

Алматыда көбейген нөсер жауындар арық желісіндегі кемшіліктерді көрсетіп берді. Әсіресе, Алатау және Наурызбай аудандарындағы арық желілері сын көтермейді. Сондықтан бұл мәселені шешуге жергілікті қазынадан 600 млн теңге бөлінеді. Қалпына келтіру жұмыстары «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасының «Таза қоршаған орта» бағыты бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралар алдағы уақытта нөсер жауындар кезінде су басу оқиғаларын болдырмауға мүмкіндік береді. 

Айгүл ЕРМАХАН