Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен Алматыдағы шағын және орта бизнес субъектілеріне өтемақы төлеу аяқталды. Келеңсіздік кезінде 1 мың 600-ге жуық субъекті зардап шеккен. Оның 96 пайызы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі. Оларға жалпы суммасы 14 жарым млрд теңге өтемақы төленген. Бұдан бөлек, басқа да бизнесмендерге бюджеттен қосымша 47 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Осының нәтижесінде, 1-маусымда кәсіпорындардың саны өскен.
Ерболат ДОСАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 2022 жылы бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөлініп, 46,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінде 16,5 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 219 жобасы қаржыландырылды.
Десе де, қала басшысы азық-түлік бағасының тұрақталмай тұрғанын айтты. Оның айтуынша, жыл басынан бері инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады. Осыдан күнделікті ішіп-жейтін тамақтың бағасы аспандап кеткен.
Ерболат ДОСАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ең көп өскені - қант (2 есе, 560 теңгеге дейін), пияз (+90,2%, 156 теңгеге дейін), нан (+18,3%, 95 теңгеге дейін), сүт (+18%, 328 теңгеге дейін) бағасы. Олардың тұтыну бағасының индексіндегі үлесі 2,2 пайыздық тармақты құрады. Дегенмен, жұмыртқа бағасының төмендеуі (0,4%-ке, 460 теңгеге дейін) және сиыр еті (0,9%-ке, 2 350 теңгеге дейін), сары май (5,6%-ке, 3 400 теңгеге дейін), тұз бағасының (6,5%-ке, 66 теңгеге дейін) шамалы өсуі байқалады.
А. Базарбай