Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2022
  • 2382

Қызылжарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін.  Петропавл 2-ші жылуэлектр орталығында болған апат салдарын жою үшін арнайы комиссия   осындай шешімге келген. Өткен қыста  Петропавлды жылумен қамтып отырған кәсіпорында 6 мәрте апат болды.   Жылу қазандықтарын жөндеуге қанша қаражат керек? Қомақты қаржыны кім бөледі? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин мәселенің мәнісін білді.

Петропавл өткен қыста қатып қала жаздады. Қаланы жылумен қамтып тұрған кәсіпорын алты мәрте істен шықты.   Себебі, орталықтағы қондырғылардың 75 проценті тозған. Тіпті үш алып мұржаның біреуі шіріп, сәуір айында опырылып түсті. "Севказэнерго" компаниясы жаңғырту жұмыстарына 18 миллиард теңге қажет екенін айтты. Билік өкілдері ең алдымен қомақты қаражатты монополистер өздері көтереді деп жариялаған.  Алайда, қазір жаңғырту жұмыстарын жылдамдату үшін төтенше жағдай енгізу мәселесін қарастырып отыр.

Жанболат БАТЫРБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Төтенше жағдай режимі тек жөндеу жұмыстарын тездету үшін ғана енгізіледі. Яғни, бірқатар экспертизаны тезірек өту үшін жасалып отыр. Бұл шешім әлі нақты қабылданған жоқ. Он күннің шамасында жауабы болады.

Севказэнерго компаниясы бұған қатысты ресми ақпарат берген жоқ.  Алайда, әлеуметтік желідегі  парақшасында,  жаңғырту жұмыстары кезінде  құлаған мұнарадан бөлек, тозып тұрған екінші мұржа да бұзылатын туралы жазылды.  

“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Екінші жылу электр орталығындағы қондырғылар цехы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмыс қыркүйектің біріне дейін бітуі тиіс. Бұдан бөлек, алты жылу қазандығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан соң тағы 3 пешті жаңарту жоспарда бар.

Жөндеу жұмыстарына байланысты облыс орталығы бүтіндей ыстық сусыз қалды. Бұл тұрғындарға қиындық туғызуда.


Суды салқын деп айтуға болады. Жуыну мүмкін емес. Ал айдың соңында есеп шот келген кезде коммуналдық кәсіпорын ыстық судың толық ақысын талап етеді. Біз күнде саябаққа барамыз. Ыстық су бізге өте қажет.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жаңғырту жұмыстарына алдын ала болжам бойынша 18 миллиард теңге қажет. Қалалық әкімдік өкілдері төтенше жағдай жарияланса да, бюджеттен ақша бөлінбейді, дейді. Монополист бұл шығынды өзі көтеретінін айтады.

А. Құрманкин