Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысындағы үңгірден 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2022
  • 2149

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының аумағында 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды. Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде ғалымдар сенсациялық жаңалыққа қол жеткізіп отыр. Үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын  бұған дейін ғалымдар 41 мың жыл деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық соңғы сараптама нәтижесінде оның 48 мың жылдық тарихы бары нақтыланды.

Тұттыбұлақ үңгірінен табылған жәдігерлер әлемдік сенсациялық жаңалық,  әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі дейді  мамандар. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асып отыр.  

Жәкен ТАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Биыл біз оншақты күн болды осында жұмыс жасап жатқанымызға. Ең жақсы бір хабар келгені – жақында ғана былтырғы табылған жәдігерлер қырғыш бар,тастың жоңқасы бар осы жерден табылған және күлдің қалдықтары. Ошақ болған осы үңгірдің ішінде. Сол ошақтың күлдің қалдығынан қазір зертхана бізге дәлелдеп бергені – 48 мың жыл бұрын осы жерде адамдар өмір сүрген.

Зерттеушілердің сөзінше, Тұттыбұлақ – 48 мың жыл бұрынғы жәдігер табылған Қазақстандағы алғашқы үңгір. Бастапқыда іші кісі бойына жететін құм топырақ болған жерде археологиялық қазба жұмыстары 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Биылғы зерттеу нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамның бас сүйек бөліктері, оның ішінде азу тістері де табылған. Жақ сүйек алғашқы адам болуы да мүмкін, деп болжайды ғалымдар.

Жәкен ТАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Тас тәуірінде адамдарды сол үңгірдің ішінде жерлеген. Ал жерлеген кезде оны таспен басып кетеді. Өйткені оны жыртқыштар келіп жеп кетеді ғой оны. Табылған жәдігерлер мысалы, тіс болса ол қазір  лабороторияда зерттеледі. Оған бір жылдай уақыт керек.

Археологтар топырақты баппен қазып алып, електен өткізіп жатыр. Өйткені маңызды дүниелер көзден таса қалмауы керек дейді. Тас құралдардан бөлек  аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтары табылған. Мамандар  аюдың тісінің табылғаны өте үлкен жаңалық деп отыр.

Абай НӘМЕН, ЗЕРТТЕУШІ-АРХЕОЛОГ:

Бұдан басқа қазір 4 тас құралы табылды. 4 тас құралы әрқайсысысы бөлек шикізаттан жасалған болатын. Мынау- ачип,  осы Тұттыбұлақ өзенінің түбінде табылған материал. Бұл үңгірдің маңында көп шикізат жоқ. Бірақ дегенменде адамдар өздеріне қажет шикізаттарды таңдап, осы кварцты таңдап осы жерде тас құралдар жасаған.
 
Ғалымдар 1959 жылы табылған үңгірден әлі талай жәдігер шығатынына  сенімді. Ал жергілікті билік аталған үңгірді туристік аймақ қатарына енгізуді жоспарлап отыр.  
 
А. Төребекқызы