Русский Сайттың толық нұсқасы

Салоннан көлік аламыз деп алаяқтарға 7 млрд теңге аударған елордалықтар шу шығарды

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2022
  • 2845

Көлік те, ақша да жоқ. Елорда тұрғындары су жаңа автокөлік аламыз деп, жеке компанияға 7 млрд теңге аударған. Тіпті 60 млн теңге санап бергендері де бар. Алданып қалғандар, бүгін полиция ғимаратына баса-көктеп кірді. Айтуларынша осы уақытқа дейін істің қай дәрежеде жүріп жатқанын білмейді. Құзырлылардан қанша мәрте оқталса да хабар ала алмай жүргендерін айтты. 400 адамды алдаған кімдер? Олардың Заң алдындағы жауапкершілігі қандай? Толығырақ тілшіміз тарқатады

Мұнда жиналғандардың зары бір. Олар салоннан су жаңа автокөлік сатып аламыз деп алданып қалған. Солардың бірі Данияр Бегімбетов. Айтуынша 7 млн 800 мың теңге ақша салған. Қомақты қаражатты салу үшін мың ойланып, заңгерлерден де кеңес алған.

Данияр БЕГІМБЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз келдік как реклама создавать етті. Блогерлер ашқан, біз келдік, юристтерге көрсеттік қағазды. Бекерден-бекер бере салмайсың ғой 7 млнды. Ондай заман емес қой. Оны заңды жүзінде признавать етті. Болады деді.

Елордалық Сағдиолла Пірманов болса, алғашқы жарнаға 6 млн теңгесін құйған. Компания қызметкерлері 40 күн ішінде көлікті әкеп береміз деп уәдені үйіп төккен. Бірақ содан бері көлік те, ақша да жоқ дейді.

Сағидолла ПІРМАНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

40 күннен кейін машина аласыздар деді. Сосын мен айтқанмын, 1 млн тастап кетейін,  қалғанын кейін құямыз деп. Жоқ наличка тастайсыздар деді. Қазір ровно 1 жылды болды. 6 млн құйып кеттім.

Жекеменшік компаниядан жапа шеккендердің саны қазір 400-ге жуықтаған. Олар "сан соғып қалғандарын" біле салысымен құзырлы органдарға арызданыпты. Бірақ мәселенің шешілетін түрі жоқ дейді.

Ерболат СҰЛТАНБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге ешкім келіп айтпайды, шақырып айтпайды. Сот  болады, болмайды қашан болады. Ешқандай известность жоқ. Келесің қайтарып жібереді. Болды сол. Бәрі по-казахсий.

Ал, жергілікті полиция департаменті бұл іске қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Енді жәбірленушілер іспен толық танысу керектігін айтты. Күдікке іліккен 3 адам қазір қамауда. Оларға қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде алаяқтық бабы да бар дейді.

Эльмира ШӘУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментімен Nur-Avtо.Kz қылмыстық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта іспен танысу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іспен танысып болған соң материал сотқа жолданады.

Жәбірленушілердің талабы бір. Ақшамызды қайтарса, жауаптылар жазасын алса дейді. Ал, құзырлылар жәбірленушілермен жеке-жеке кездесіп, сотқа дейінгі амалдарды айтып отыратындарын жеткізді.

Ә. Дүкембаева