Екібастұзда энергетик мамандар тапшы. Жалақының аздығынан көпшілігі шетел асып кетуде. Өңірлерді аралап жүрген Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелеріне тұрғындар осындай мәселе көтерді. Оның оң шешілуіне ықпал етуді сұрады. Ал Жетісуда отандық туризмді дамытуға басымдық берілуде. Мердігерлердің жергілікті жерден болғанын қалайды. Өңірлерде болған кездесулер жайлы келесі бейнематериалда.
Парламент депутаттары Екібастұзға арнайы барды. Ондағы еңбек ұжымымен кездесіп, олардың мәселелерін тындады. Жергілікті жұмысшылар, энергетик мамандардың азайып кеткенін жеткізді. Айтуларынша, маман тапшылығына жалақының аздығы тікелей әсер еткен. Көпшілігі шетел асып кетіпті. Мәжілісмендер түйткілді шешу бойынша тиісті шаралар жүргізілетінін жеткізді.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Күрделі сұрақтардың бірі жалақылары. Неге десеңіз бұл жердегі мамандар Ресейге де кетіп жатыр. Басқада салаға ауысып кетіп жатыр. Күрделі мәселе соларды сақтап қалу және де жалақысын көбейту. Сонымен басшылары шұғылданып жатыр.
Ал өңірдегі ірі зауыттар экологияны жақсартуға көңіл бөлмей отыр. Бұл жайында "AMANAT" партиясының жанынан құрылған экологиялық кеңесте айтылды. Ірі зауыттар көгалдандыруға арналған жоспарды толық орындамаған. Жасыл желек егілуге тиіс жерлер бос тұр.
Ирина ЧИДУНЧИ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ӨҢІРЛІК ҚОҒАМДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Ірі кәсіпорындар аумағында жасыл желек көлемі 40 проценттен кем болмауы керек. Осы талап бізде дұрыс орындалмай жатыр. Сол себепті зауыттардың өкілін шақырып, көгалдандыруға көңіл бөлуін сұраймыз. Бұл біздің аймақ үшін аса маңызды дүние.
Мұнан соң депутаттар Ақсудағы №4 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Білім ошағаның іргетасы 1967 жылы қаланған. Содан бері жөндеу жүргізілмеген. Тозығы жеткен мектептің биыл есік, терезесі, жылу жүйесі толық ауыстырылыпты. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Анатолий БОЙЧИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ақсу қаласындағы бұл мектеп кесте бойынша жұмыс істеп жатыр. Құрылыс барысымен танысып шықтық. 3 бірдей мердігер жұмыс жүргізуде. Бір кемшілігі жұмыстың реті бойынша мердігерлер бір уақытта қатар жұмыс істей алмай отыр. Осы мәселені біз бақылауға алдық. Бастысы оқу жылы басталғанға дейін құрылысты толық аяқтап үлгеру қажет. Біз бұны өзіміз қадағалайтын боламыз.
Жетісуға барған депутаттар болса, жөнделіп жатқан Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағындағы жұмыстар танысты. Жетісудің жақұты - Алакөлге баратын жол туристер үшін маңызды деп отыр. Көлдің жағалауындағы инфрақұрылымы да жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, депутаттар жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс барысын бақылап қайтты.
Әлия ӘБСЕМЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жергілікті адамдарға берсе жақсылап, дұрыстап салып, жауапкершілігін сезініп, болады деген ойдамын. Және былай қарасаң, көппәтерлі үйлер аренда үйлер ғой, жалдамалы үйлер. Осы біздің қаншама көпбалалы аналарымыздың, үйге мұқтаж азаматтарымыздың мәселесін шешеді деген ойдамын.
Биыл өңірде 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылды. Жалпы саны 100-ге жуық жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жағалау қоршалатын болады. Жобаның құны 6 млрд. теңгені құрайды. Бұл партияның сайлауалды жол картасында көрсетілген жоспарлар.
Т. Әлжанов