Алматыда мектеп тапшылығы әлі де өзекті. Өйткені он алты мың оқушыға орын жетіспеушілігі бар. Бұл туралы "AMANAT" партиясының парламенттегі фракция мүшелері қатысқан қалалық саяси кеңес бюросының кеңейтілген отырысында белгілі болды. Аймақтарды аралап жүрген депутаттар тағы қандай мәселелерге назар аударды? Тілшіміздің бейнематериалы.
Қалада оқу орындарына жапсарлас құрылыстар мен мектептер салу белсенді жүргізілуде. «Бірақ бұл әрекеттер мәселені түбегейлі шешуге жеткіліксіз», - дейді мегаполиске жұмыс сапарымен барған мәжілісмендер. Жаңа оқу жылында тек он үш мың ғана баланың мектепке баруына мүмкіндік береді екен. Мәжілісмендер мәселені "AMANAT" партиясының қалалық филиалында өткен саяси кеңес бюросының кеңейтілген отырысында көтерді.
Бекқали ТОРҒАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бізде демография өсуде. Осының арқасында жыл сайын кезекке тұрғандардың саны артып келеді. Бұл бір жағынан жақсы. Бірақ бұл - мектеп құрылысы мәселесін шешу керектігін білдіреді. Қазір салынып жатқан жапсарлас құрылыстар, мектептер біз үшін өте өзекті мәселе және қала бұл мәселені қатаң бақылауда ұстайды.
Депутаттар бірқатар маңызды нысандарға да табан тіреді. Жихаз өндірісімен айналысатын цехтың жаңа корпусының ресми ашылуына да қатысты.
Айжарық БӨКЕНАЙҰЛЫ, КӘСІПКЕР:
2010-да осы кәсіпке келдік. Біз ол кезде мынадай үлкен цехта жұмыс істемедік. Бір үйдің бұрышында істедік. Ініміз Мәди Ахметов екінші рет келіп жатыр. Біздің түйткілді мәселелерімізді жоғары жаққа айтып беріп жатыр. Оған рақмет!
Мәди АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Парламент Мәжілісінің депутаттары, соның ішінде Аманат фракциясының депутаттары қазір әр облыс, қала, елді мекендерді аралап, барлық азаматтармен, кәсіпорындармен, сонымен қатар, үлкен ұжымдармен кездесулерін өткізіп жүр. Басты мақсат – парламенттің бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарымен хабардар ету.
Сондай-ақ, аманаттықтар газ станцияларын салу мәселесін де назарға алды. Өйткені бұл мәселе бүгінде Алматы қаласы үшін ерекше маңызға ие. Ал Ақмола облысына барған Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев жергілікті халықпен кездесіп жүр. Мәжіліс депутаты бұл жолғы сапар барысында ауылдағы мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға күш салатынын жеткізді.
Асқарбек ҮЙСІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Іс сапарымды Аршалы ауданынан бастадым. Сөйтіп, 6 ауданның ауылдарын араладым. Бәріне ортақ мәселе ол таза ауыз сумен қамтылу. Бұл мәселе әсіресе Егіндікөл ауданында өткір тұр. Бұл бағытта мен бірнеше депутаттармен бірігіп депутаттық сауал жазғанмын. Республикалық су комитетімен ақылдасып, проблеманы шешу жолдарын қарастырдық.
Сондай-ақ Сандықтау ауданы орталығы Балкашино ауылындағы жөндеуден өтіп жатқан стадионда болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Іргетасы 1982 жылы қаланған аудандағы ең ірі спорт нысаны 40 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Стадион енді партияның Жол картасы аясында екінші тынысын ашпақ.
А. Базарбай