Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысының Үкімет жұмысына көңілі толмайды

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2022
  • 1379

Мемлекет басшысы бүгін Үкімет жұмысын сынға алды. Тіпті бірқатар министрге сөгіс жариялады. Өйткені атқарылмаған, шешімін таппаған шаруа жетерлік. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп үйренген шенеуніктер Президенттің айтқандарына мардымды жауапта таба алмады. Сонымен, Президент алдында жер шұқыған шенеуніктер бұл жолы қандай тапсырма алып қайтты? Ақбота Базарбай әңгімелейді.

Президент бүгін күллі Үкімет мүшелерін жинап, бейнебайланыс режимінде кеңейтілген отырыс өткізді. Әуел баста Премьер-министрдің әлеуметтік-экономикалық есебімен өрбуі тиіс әңгіме, инфляция мен бағаға келгенде қызды. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруда қабылдаған шешімдері тиімсіз деген Мемлекет басшысы, қазіргі жұмыс жүйесіне көңілі толмайды. Қосымша бюджеттен қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отырғандарын бетке басты. Яғни "қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде керісінше болуы керек", - деді. Бұлай жалғаса берсе күзде кадр мәселесін қайта қараймын деп шүйлікті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ. Жалпы Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады.

Үкімет басшысының сәтсіз есебінен кейін, кезек министрлерге келді. Президент жақында ғана киелі киіктерді атуға шешім қабылдаған экология министрінен бастап, қант тапшылығына жол беріп, айқай-шуға айналдырған сауда-саттық пен ауыл шаруашылық министрлеріне сөгіс жариялады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұрын салынған 7 қант зауытының бүгінде 4-еуі ғана жұмыс істеп тұр. Алматы және Жамбыл облыстарында тек үштен бір бөлігі ғана, бұл тек 31 пайызы. Біз импорттық қантқа 90 пайыз тәуелдіміз, бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шешімге сілтеуге болады, бірақ не десек те бұл Үкіметтің шешімі. Сондықтан мен министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын.

Мемлекет басшысы мұнан соң әлі бюджетті дұрыс жоспарлай алмай отырсың деп қаржы министріне бұрылды. Үкіметтің саясатын әбден сынаған Президент жағдайды жақсарту үшін жасалған бағдарламалардың ешқайсысынан нәтиже жоқ кесіп айтты. Тіпті халықтың табысын арттырамыз деп жүргенде, көрсеткіш керісінше 3 пайызға түсіп кеткенін дәлел қылды. Ескерту жасады. Күз келген сайын халық даурығатын дизель отынының тапшылығын түп тамырымен шешу керек деп тапсырма берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Іргедегі елдерге отандық мұнай өнімдерін әкетудің жылдар бойы әбден жолға қойылған схемасы бар. Қаржылық мониторинг агенттігіне осы мәселенің анық-қанығын тексеру керек. Маған бұл мәселемен кім айналысып отырғаны туралы нақты ақпарат ұсыныңыздар. Осыдан кейін түбегейлі шешім шығарамыз.

Астананың шұрық тесік жолдары да ашуға тиген. Жөнделгеніне жыл өтпей көшелердің жүруге жарамай қалатынын ешкім түсіндіре алмады. Есесіне, Мемлекет басшысы жол құрылысы саласындағыларды "жемқорлар" деді. 11 мың шақырым жолға 600 миллиард теңге бөлінгенмен, Ақордаға апаратын жолдың өзін құрақ көрпеге теңеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде, Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Тендерді жыл сайын бірлі-екі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Соның бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек.

Енді жол сапасының нашар болғаны үшін жауаптылардың барлығы қатаң жазаға тартылады. Себебі, Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:


Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмай тұр. Мемлекет басшысы құрылыс қарқынды жүрген кезде материалдар бағасы үш есеге қымбаттап кететінін де хабардар. Мұны, тіпті, қолдан жасалған деді Президент. Үкіметке жол құрылысына қажетті материалдарды шығаратын жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс істеп тұрғандарын жаңартуды жүктеді.  


А. Базарбай