Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада жас шорт трекшілер екі айдан бері мұз айдынына кіре алмай жүр

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2022
  • 2174

Қызылордада  жас шорт трекшілер екі айдан бері мұз айдынына кіре алмай жүр. Соған байланысты жаттығу тоқтаған. Ата-аналардың айтуынша,  жас спортшылардың сергелдеңге түсуінің себебі- мұз айдынын жалға алу ақысы төленбеген.  Ал бұған жауаптылардың жауабы қандай? Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз Мөлдір Төребекқызы жеткізеді.

Жиналғандардың айтуынша, аймақта шорт трекке жергілікті билік тарапынан қолдау аз. Себебі әр жарысқа барған сайын жаттықтырушылар қаржы сұрап, демеушілерді жағалап кетеді дейді. Ол аздай енді балаларымызды мұз айдынында жаттығуға кіргізбей жатыр деп ашуланады.

Гүлмира ӘМІРҒАЛИНА, АТА-АНА:

2,5 айдан бері балаларымыз мұз айдынына кіре алмай жүр. Себебі жалдау ақысы төленбеген. Оны 4 спорт мектебі аудару керек болатын. Жылына 3 рет балаларымыз республикалық жарысқа барады. Бірақ әкімшілік оған бас ауыртпайды.  Демеушілердің қаржысына барып жүрміз.
 
Ата-аналар бір баланың спорттық киіміне 200-300 мың теңге жұмсаймыз дейді. Оған жергілікті билік тарапынан көк тиын да бөлінбейтін көрінеді. Жауаптылар шорт трекке қажетті қондырғымен қамтамасыз етуге де қауқарсыз деп қынжылады.

Бауыржан ЖОЛБАЕВ, АТА-АНА:

Станоктар болады конькилердің жүзін шығаратын. Ол да жоқ. Неше рет жазып жатырмыз. Ақша жоқ, жоқ дейді. Біздің жаттықтырушылар басқа қаланың жаттықтырушыларына өтініш айтып қайрап берші, үйтіп берші деп. Олар да көңіл-күйлеріне қарай, қайрап береді ма, қайрап бермейді ма.

Сейдалы БІРӘЛОВ, АТА-АНА:

Соңғы 3-4 жылдан бері облыстық спорт басқармасының маңдайы ашылмай қойды. Осымен 3-ші адам спорт басқармасында, бұның алдында 2 орынбасары сотталған болатын. Басшылардың дұрыс жұмыс істемегенінен, ақшаны дұрыс жұмсамағаннан, тиімді пайдаланбағаннан балаларымыздың спортпен айналысуына шектеу болып тұр.


Жауапты басқармадағылар айтылған мәселелерді жоққа шығармайды. Оны кезең-кезеңімен шешеміз деп, уәдені үйіп-төгуде. Ал жас спортшылардың сырғанай алмауына қайта құжаттандыру процесінің әсер еткендігін айтты.

Асылжан ЖАМАНҚҰЛ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мәселе жоқ емес, мәселе бар. Өздеріңіз білесіздер, спорт басқармасы мен мәдениет басқармасының қосылуына байланыс біраз код алу, ЭВК алу туралы шамалы кешеуілдеу болды. Қазір қаржыны қою процестері жүріп жатыр. +соған байланысты қысқа ғана үзіліс қой.

Шорт трек- олимпиадалық спорт түрі. Қазір командада 30-ға жуық бала бар. Олардың алды 4 жылдан бері мұзда сырғанап жүр. 20-ға жуығы еліміздегі ірі жарыстарда бақ сынап үлгерген. Жүлделі орындар жетерлік.  Алайда, ата-аналарда қордаланған мәселелер балалардың сағын сындыра ма деген қорқыныш басым.

М. Тоқтасынқызы