Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ-түрік бизнес форумы өтті

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2016
  • 1593

Мұсылман әлемі сүнниттер мен шейіттерге бөлінудің қатерінде тұр. Бұған жол бермеу керек. Бүгін Стамбұлда Ислам мемлекеттері ұйымының саммитінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Елбасы саммитке қатысушыларға арнаған сөзінде мұсылман елдерінің ішінде бір-біріне қарсы әскери блоктар құру идеясына жол бермеу керектігін, ал бұл болашақ тұрақтылыққа балта шабатын әрекет екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ислам әлемі елдерінің жаппай қарулану бәсекесіне түсуі, әсіресе, жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін бұза отырып жанталасуы мүлдем ақылға сыймайды. Қазақстан Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруды жақтайды. Бүгінде Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 15 ел халықаралық лаңкестердің қысымына ұшырады. Соның кесірінен сан миллион мұсылман үмбеті әлемнің әр қиырында жан сауғалап, жайлы өмір іздеген босқынға айналуға мәжбүр. Мұсылман әлемі сүнниттер мен шейіттерге бөлінудің қатерінде тұр. Бұған тосқауыл қою керек.

Мемлекет басшысы қазақ-түрік бизнес өкілдері жиналған бизнес-форумға да қатысты. Оның нәтижесінде Қазақстандағы өндіріс саласына инвестиция салып, елімізде жаңадан іс бастағысы келетін 20-дан аса түрік кәсіпкерімен келісімшартқа қол қойылды. Жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын құрайтын жоба негізінен машина құрастыру, тау-кен, ауыр және жеңіл өнеркәсіп секторына бағытталып отыр. Сондай-ақ, энергетика, логистика саласында да қызығушылық танытқандар бар.