Русский Сайттың толық нұсқасы

Арал өңірі ел аумағындағы балықшыларды екінші рет жинады

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2016
  • 3571

Әйгілі қақталған торта, ысталған ақбалық, жайынның жон еті. Арал балығы енді Ресейдің ірі қалалары тұрғындарының сүйікті ас мәзіріне айналмақ. Ульяновск облысында биыл балық өңдейтін бірлескен зауыт іске қосылды. Оның құрылтайшысы - Қазалы ауданындағы ірі балық кәсіпорны. Ресейдегі зауыттың өнімі Арал өңірінде екінші рет өтіп тұрған балықшылар слетінде ұсынылды. Ал бұл басқосуда жарияланған басты жаңалық: Қазақстан «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыра бастайды.

Балықтың түр-түрінен қақталып жасалған өнімдер бүгінде ресейлік тұтынушылардың жоғары сұранысына ие. Әсіресе, ысталған ақбалықтар. Десе де Димитровград зауытынан шығатын кептірілген балықтарға сұраныс жоғары.

Алексей Карпов, «Рыбный край Димитровград» зауытының төрағасы:

Біз әзірге сынақ тәртібінде жұмыс істеп отырмыз. Кадрларды қабылдап, жаңа технологияларды іріктеп жатырмыз. Аралдан біз мұздатылған шикізат қабылдап аламыз, соны өңдейміз. Арал балығы өте таза жерден ауланады, балықтың жоғары сапасына табиғи жағдайлар да әсер етеді.

Облыста жалпы саны 11 балық өндеу зауыты бар. Соның сегізі өнімдерін шетелдік нарыққа шығаруға рұқсат алған. Осы дәрежеге Оңтүстік Қазақстан облысының балықшылары да көрінуді көздейді. Бүгінгі шараға олар тәжірибе жинақтауға келіпті.

Нұржан Жүсіпбаев, «Түркістан» ӘКК төрағасы:

Осы Аралдан шабақ алсақ па деп отырмыз. Қазіргі таңда Онтүстік өңірінде форель мен бекіре өсіріп жатырмыз. Қарапайым халыққа ол қымбаттау болып тұр. Біздің қолға алып жатқанымыз осы карп, сазан, белый амур, толстолобик. Келешекте мемлекет сол жеміне, шабақ алуға субсидия бөліп отырса, онда Онтүстік аумағында балық шаруашылығы дамиды деп ойлаймыз.

Ал Қызылорда өңірінде, барлық кедергілерге қарамастан, «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. 

Қырымбек  Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Дүниежүзілік банкімен бірлесіп іске асырылатын жобаға Өзбекстан Республикасының өзгеше көзқарасына байланысты, біз қазір бұл жобаны - сегіз компоненттен тұрады - соның алдыңғы алты компоненттің, өзіміздің республикалық бюджет есебінен іске асыру мәселесін Үкіметке қойдық. Егер де Дүниежүзілік банкі Өзбекстан Республикасымен бір келісімге, пәтуаға келе алмайтын болса, бұл жобаның алдыңғы кезеңін 23,2 миллиард теңге тұратын республикалық бюджеттен қаржы бөліп, іске асырамыз деп, шешім қабылданды.

Бұл жоба сәтін салса, балықты өңдеу төрт есеге артып, теңіздің тұздану көлемі үш есеге азаяды. Оған қоса, бес мыңдай жұмыс орны ашылмақ.

Шарипа САҚТАПОВА