Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында сібір жарасын жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандардың саны екі есеге артты

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2016
  • 2892

Павлодар облысында сібір жарасын жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандардың саны екі есеге артып отыр. Ертіс ауданы әкімінің дерегінше, олардың қатары 90 адамға жеткен. Айта кетері, оның төртеуі - Павлодар қаласының тұрғыны. Аудан әкімі Виктор Дубовицкий әр тұрғынның бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Виктор Дубовицкий, Ертіс ауданының әкімі:

Қазіргі уақытта қарым-қатынаста болғандардың саны 91 адамға жетті. Ал шикі етпен қандайда бір байланыста болған 24 адам Ертіс аудандық ауруханасына жатқызылып, ем қабылдауда. Қалған 67 тұрғынды дәрігерлер үйді-үйіне барып, бақылауда.

Үш адамның күйдіргі жұқтырғаны расталған соң, кеше Ертіс ауданының Ұзынсу ауылында карантин жарияланды. Аудан әкімі бүгін ветеринарлық жасақтың келгенін хабарлады. Бұл топ 160 үйдің қора-қопсығын зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Эпидемиологтар кеселдің ауырған сиырдан келгенін анықтады. Оны союға қатысқан үш адам «сібір жарасы» белгілерімен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында. Дәрігерлер науқастардың жағдайы бірқалыпты екенін айтады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ