Русский Сайттың толық нұсқасы

Бір отбасында алты дәрігер бар

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2022
  • 2838

Құламерген Асылбекұлы 36 жылдан бері медицина саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді. Қызылордалықтар  оны алтын қолды дәрігер деп бағалайды. Тамақ, мұрын, құлағы ауырғандар бірінші осы кісіні іздейді. Ол  бала күнінде ұшқыш болуды армандапты.  Алайда, дәрігерлер отбасынан шыққан Құламерген соңғы сәтте адам жанының шипагері  болуға бел буған.

Құламерген ІЗМАҒАНБЕТОВ, ЛОР ДӘРІГЕР:

Ішкі қалау болды біріншіден. Екіншіден әкем дәрігер болғаннан кейін, шешем дәрігер болғаннан кейін. Сол кезде баламыз бірақ, әкемнің жолдастары болды дәрігерлер бәрі де. Соларды көріп қызығасың. Мамандықтың жаманы жоқ. Жақсы маман болу үшін күндіз-түні жұмыс істеу керек.  

Құламерген Асылбекұлының анасы Сара Қалиқызы өмірінің соңына дейін қан талдау орталығында жұмыс істеген. Сол еңбегіне сай Қазақстанға еңбегі сіңген медицина қызметкері атанды.  Ал әкесі 80-ге келсе де әлі осы салада жүр. «50 жылдан бері қолымнан скальпель түскен жоқ» дейді Асылбек Жамалұлы. Гиппократ антына берік жан "нағыз дәрігер қарапайымдылығын жоғалтпау керек" деп есептейді.

Асылбек ІЗМАҒАНБЕТОВ, ДӘРІГЕР-ХИРУРГ:

Ұсыныстар да болды бас дәрігер бол деп. Мен бас дәрігер болуға асықпадым. Мен дұрыс маман болып алайын деп асықтым. Адамға жаны ашитын жүрегімен, сол адамды жақсы көретін адам жақсы дәрігер болады.

Құламерген Асылбекұлының жары Манушахар Әшірбекқызы да-дәрігер. 40 жылдан бері мыңдаған баланың кіндікшешесі болды.  Келіні де енесінің ізімен келеді. Ал отбасының кенже ұлы әке жолымен, ЛОР дәрігер болуды қалапты. Кіші қызы да адам жанының арашасы болып жүр.   "Енді немерелеріміз осы ата жолды жалғаса" дейді біздің кейіпкеріміз.

М. Тоқтасынқызы