Оралда кафе күзетшісі Гурам Гунияның өліміне қатысты сот процесі басталды. Марқұмның анасы ұлын өлтірген қылмыскер жазадан құтылып кете ма деп уайымдайды. Айтуынша, Гурамның өліміне жалақысын уақытылы алмауы себеп болған.
Нани ГУНИЯ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Неге кафе қызметкерлерін осы оқиғадан кейін жұмыстан шығарып жіберді? Ұлымды не үшін өлтірді? Осы екі сұрақтың жауабын табар емеспін. Мен әділдік орнағанын қалаймын. Ұлым жаттыққан фитнесс-клубтағылар Гурамның ақшадан тарыққанын, оған жалақы төлемегенін айтады. Ал айлығын қолына алғанда кенеттен қаза тапты.
Нани Гунияның айтуынша, күдікті осыған дейін бірнеше рет істі болған. Бірақ ол жәбірлеген жандар кеңшілікпен кешіріп, жазадан құтылыпты. Сот мәліметінше, Гурам Гуния күзет бастығымен сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан.
Сырдаш ЗИХРУЛЛАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
Күдікті марқұм- Гунианы пышақтап қорқытам деп ойлап, оң жақ жамбасынан екі рет пышақ тыққан. Бірақ абайсызда өлтіріп алған. Жәбірленуші ауыр жараланып, сол жерде көз жұмды.
Күдікті өз кінәсін мойындаған, пышақты қорқыту үшін ғана сілтедім дейді. Оның қорғаушысы тергеуді қайта бастап, психиатриялық сараптама жүргізуді сұрап отыр.
Е. Карин