Русский Сайттың толық нұсқасы

Нумерология: кәсіп пе, ғылым ба?

  • AstanaTV
  • 27 шілде 2022
  • 1455

Сандар да сөйлейді. Нумерологтар адамның туған күні мен жылына, жасына қарап болашақты болжайды.  Тіпті, қай күннің берекелі болатынын айтып, керек десең неше жаста тұрмысқа шығып, қанша бала дүниеге алып келу керектігіне дейін кеңес береді. Онымен қоймай, әр жыл сайын қоғамда қандай өзгеріс болатынын алдын-ала біліп отырады-мыс.  Олардың болжауынша,  биыл  мәселен, «кәрі» қыздар мен бойдақ жігіттер жарыса шаңырақ көтереді екен.  

Сандарды сөйлетіп жүрген нумеролог Ғалия Асылбекова біздің өміріміз сандарға тәуелді – дейді. Онымен қоса, адам баласының жүріп-тұруы, ішіп-жеуі де сандарға байланысты екенін айтып таңқалдырды.
 
Ғалия АСЫЛБЕКОВА, НУМЕРОЛОГ:

Нумерология дегеніміз – сәуегейлік емес, эзотерика да емес. Ол – ғылым. Бұл табиғат берген өте ыңғайлы құрал екенін үнемі айтып жүремін. Жеке басым калькулятор арқылы адамның туған күні мен аты-жөнін сұрастырып, есептей бастаймын. Адамның туған күні арқылы космограммасын да есептеуге болады. Яғни, белгілі бір уақытқа жететін өмірлік энергия қорын анықтайды.

Ал дін өкілдері сандардың сиқырын жоққа шығарады. Олардың пайымынша цифрға сену сәуейгелікпен тең. Сондықтан жұлдыз-жорамалдар, нумерология – көріпкелдік секілді шариғатқа қайшы.

Елімай ҰТЫСХАН, "РАХЫМҚЫЗЫ РАИСА АНА" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Пайғамбарымыз хадисінде айтады, сиқыршыларға сену, балгерлерге сену және олардың айтқан нәрселерін растау, дұрыс екен деп соған сеніп қалу ол – Мұхаммедке және де оның алып келген дініне күпірлік еткенмен тең.

Ал психотерапевт Лаура Жексембаева өзіне сенімі төмен адамдар ғана нумерологтарға жүгінетінін айтады. Ғылыми тұрғыдан алғанда оның өзі дәлелденбеген. Сондықтан болашақты болжағыштардың көздегені тек ақша дейді.

Лаура ЖЕКСЕМБАЕВА, ПСИХОТЕРАПЕВТ:

Адамның өзіне деген сенімсіздігі, тревожность дейді ғой, мазасыздық, болашақты ойлау, болашақтан қорқу. Және де қандай да бір ішкі тірек немесе діни бір сенімнің болмауынан туындайды.

Нумерологияның дұрыс-бұрыстығын әзірге нақты ешбір маман дәлелдеп айта алмайды. Сондықтан да оған сену-сенбеу де кез келген адамның сана сезіміне байланысты дейді сарапшылар.

А. Задабек