Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы жанынан азық-түлік пен тауар бағасына мониторинг жүргізетін 216 қоғамдық топ құрылды

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2022
  • 1785

Еліміздің барлық облыс және аудандарында 216 партиялық мониторинг және қадағалау тобы құрылды.  Олар сауда нысандарын тексереді және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына мониторинг жүргізеді. Бұл туралы "AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы өңірлермен өткен кеңесте айтты. Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлар бағасын тұрақтандыру және азаматтардың кірісін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Алайда мемлекеттік органдар қажетті шара қабылдамай отыр.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:


"AMANAT" партиясы нарықтағы тауар бағасын тұрақты түрде бақылайды. Қазіргі уақытта барлық облыс және аудандарда 216 партиялық мониторинг және қадағалау тобы жұмыс істеп жатыр. Жұмыс топтары супермаркет, базар, дүкендерді аралап, нарықтағы тауар бағасын бақылайды. Бағаның себепсіз өсуінің алдын алады. Қоғамның мәселесі әрдайым партияның назарында болады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, маусым айында жылдық инфляция 14,5% болды. Бір жыл ішінде ең көп қымбаттағаны – азық-түлік. Дүкен сөрелеріндегі бағалар мен мемлекеттік органдардың есептері бір-біріне сәйкес келмейді. Мұны мониторингтік топ мүшелері анықтап жатыр. Топ құрамында тек партиялықтар ғана емес, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бизнесмендер, журналистер мен тәуелсіз сарапшылар бар. «AMANAT» партиясында мониторинг жүргізетін топтар күн сайын жұмыс істейтіні айтылды. Аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өзгергеніне қатысты мәліметтің мән-жайы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралады.

Светлана ҚҰСАЙЫНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Малочный продукты болсын, нан болсын бәрі қымбат қой қазір. Май, сұйық майдың бағасын көріңіз. Бәрі қымбат. Әрине біз үшін қымбат. Өте қымбат. Әрине маған ғана емес бүкіл халыққа қиын. Мысалы пенсионерлерге тіпті қиын. Кішкентай пенсияларына.


Т. Әлжанов