Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы Қостанай облысында 27,9 мың га жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарды

  • AstanaTV
  • 01 тамыз 2022
  • 1597

Қостанай облысында 27,9 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оны «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы жүзеге асырды.  Федоров ауданында 7,1 мың га, Науырзым ауданында – 20,8 мың га қайтарылған, ал Меңдіқара ауданында ірі шаруа қожалықтарының бірімен 3,4 мың га жерді көпшіліктің қолданысы үшін өтеусіз беру туралы меморандум жасалды.

Дәулет КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі таңда республика бойынша 267 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, осы Қостанай облысында қазіргі таңда 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда 46 мың гектар жер бойынша жер комитетімен бірлесе жасалған жұмыстың нәтижесінде материалдары сотқа өткізіліп, сол бойынша соттың шешімін күтіп отырмыз.

Жерге қатысты мәселе көп. Комиссия мүшелері облыс, аудандарды аралап, тұрғындармен кездесуді жалғастыруда. Кейбір латифундистер жерді халыққа пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Тіпті комиссия мүшелерінің айтуынша, бір адамның 3 млн гектар жерді иемденіп алғаны да кездескен.  Осындай заңсыз иеленген, мақсатты пайдаланбай отырған жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Комиссия құрамындағылар бос жер ауылға жастардың тұрақталуына да септеседі дейді.

Мұрат ӘБЕНОВ, «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Ауылда жер болмағаннан кейін көптеген жастар көшіп кетіп жатыр. Қалаға барады, ол жақта үй жоқ. Ауылға қайтып келсе, жер жоқ. Біздің басты мақсатымыз – біреуден жерді тартып алу емес. Әрине, заңсыз алған, өзі пайдаланбай жатқан немесе кезінде әртүрлі басқа адамдарды алдап алып алған жерлерді қайтадан әділдік негізінде жерді пайдаланушыларға қайтару.

Т. Әлжанов