Жамбыл облысында есту қабілеті төмен 40-қа жуық бала есту аппаратына қол жеткізе алмай жүр. Мемлекеттен тегін берілетін құрылғыны олар 6 жылдан бері алмаған. Жауаптылар түрлі сылтауды желеу етіп, алдына барған адамды жылда құрғақ уәдемен шығарып салатын көрінеді. Ал, құлаққа қоятын қондырғының мерзімі өтіп, істен шығып жатқандықтан жаңа оқу жылында балаларымыз мектепке бара алмай қалады ма деп ата-аналар алаңдаулы.
Өңірде 37 бала «Кохлеарлы имплант» аппаратына мұқтаж. Осының тең жартысы мерзімі өткен құрылғыны қолданып жүр. Кейде істен шығып, тіпті естімей қалатын көрінеді. Тозығы жеткен аппаратты мемлекет 5 жыл сайын тегін жаңартып, ауыстырып беруі тиіс. Алайда бұлардың мерзімінің өткеніне 2 жылдан асыпты.
Жансая ЖАМАНҒАРАЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Магнит артқы миға жалғанады. Мына жерде магнит, магнитке мынау жапсырылады. Мына құрылғы әрі қарай дыбыс жібереді. Біздегі заңдылық бойынша 5 жылда ауысып отыру керек. Ауыспаған жағдайда сапасы нашарлайды. Қазір баланың естуі төмендеп отыр ғой.
Айгүл ТОҚНАЗАРОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Балалардың жаңа оқу жылына дейін Құдай қаласа аласыздар деп солай сендірген. Енді кеше ата-аналар жиналып келгенімізде, бізге өзіміздің қағаздан қателік кетті деп ақшаны қайтадан қайтарып жіберді деп отыр.
«Кохлеарлы имплант» апаратының бір данасы биыл 5 млн 800 мың теңге тұрады. Оны алуға шамасы жетпейтін ата-аналар үкіметке үміт артып отыр. Ал, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары барлық оқушыға бұл аппаратты алып беруге мүмкіндігіміз жоқ дейді.
Ғалижан МЕЙІРМАНОВ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
190 млн астам қаражатты біздің басқарма өзі өткізе алмайды. Ол мемлекеттік сатып алу басқармасы бар ғой сол жерге өткізіледі. Қажеттілік жинақталған. Ақшасы қаралған. Қазіргі күнде конкурстық рәсімдер өткізіліп, осы 16-шы тамызда рәсімдер біткеннен кейін жеңіп алған өнім беруші арқылы осы құрал түрі беріле бастайтын болады.
Жауаптылар і жаңа құрылғыға тапсырыс беру үшін 16 тамызға дейін құжаттарды рәсімдеп конкурс жарияламақ. Ал ол аппарат қолға тигенше, қыркүйек аяқталады.
Б. Жұмабайұлы