Русский Сайттың толық нұсқасы

«Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек», - Премьер-министр

  • AstanaTV
  • 09 тамыз 2022
  • 1593

Бірінші жарты жылдықта барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелерді шешуге 515 млрд теңге қажет. Оның 29 пайызы өңірлер бюджетін түзету арқылы қарастырылған. Алты аймақ қаржы бөлуде сараңдық танытуда. Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстары көш соңында. Үкімет басшысы кейбір өңірлер кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғанын сынға алды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек.

Оқу-ағарту министрі салынғанына 50 жылдан асқан мектептерге тиісті техникалық аудит жүргізуді сұрады. Қабырғасы сөгіліп, төбесі ортасына түскен білім ошағы аз емес. Өткен жылы 277 мектеп жаңадан салынды. Жеке сектордың үлесі көп. 10 өңір 42 жаңа мектепті салу бойынша жоспарды орындамады.  

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

2021 жылы өткен «Мектептерге арналған PISA» нәтижелері оқушылардың білім сапасының оқу сауаттылығы бойынша 30 балға, математикалық сауаттылық - 24 балға, жаратылыстану бағыты бойынша 11 балға өскенін көрсетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ал қалалық және ауылдық оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 22 балға, әртүрлі басқа тілде оқитын оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 21 балға қысқарды.

Т. Әлжанов