Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтар соңғы үш айда банктерден 350 млрд теңге тұтынушылық несие алған

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2022
  • 1560

Елімізде қымбатшылық қысып тұр. Құрылыс заттары ғана емес, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық қажеттіліктер, барлығының  бағасы шарықтаған. Алайда халықтың табысы сол күйінде қалып отыр. Сондықтан болса керек, елімізде несие алушылар көбейген. Сарапшылар осылай дейді. Ол туралы толығырақ әріптесім Бекболат Сатуов экономика жаңалықтары топтамасында тарқатып айтады.

Ар ма, көрермен! Қазақстандықтар соңғы үш айда банктерден 350 млрд теңге тұтынушылық несие алған.  Банк саласы өкілдерінің айтуынша, жұрт әуе билеттерін де несиеге рәсімдейтін көрінеді.  Тұтынушылық несие көлемі соңғы  үш айда   5,6 процентке артқан. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегіне сәйкес, азаматтар  несиені көбіне тұрмыстық техникаға, смартфонға, саяхат жасау үшін туристік пакет пен әуе билеттеріне алады. Сондай-ақ тұрғын үй мен көлік жөндеу үшін заем алушылар басым. Экономист Мақсат Халық бұл   алаңдатарлық жағдай дейді. Өйткені дәл қазір несие алу тиімсіз.  

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Қазіргі уақыт кредит алатын уақыт емес. Пайыздарды қарасақ өсіп кеткен. Осындай жоғары пайыздар кезінде адамдар несие алмау керек. Бірақ бізде бір феномен қалыптасып отыр. Базалық пайыздық мөлшерлеме Ұлттық банк 14 пайызға көтерді. Пайыздар өсіп жатыр. Бірақ несие азаятын емес. Несие алу көбейіп келе жатыр керісінше.

Елде зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ресми ақпараттарға сүйенсек елде зейнетақының орташа мөлшері 109 мың теңгеден асады. Биыл жеті айда қазақстандықтарға 1,7 триллион теңгеден астам зейнетақы төленген.  Елімізде 2 миллион 247 мың адам зейнеткер бар.

Интернет алаяқтар жыл басынан бері қазақстандықтарға 7 миллиард теңге шығын келтірген.  Ішкі істер министрлігінің мәліметінше,  жыл басынан бері 12 мың интернет алаяқтық тіркелген.  571 интернет-алаяқ ұсталып, 17 қылмыстық топтың жолы кесілді. Интернет-алаяқтық бойынша әсіресе,  Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен және Қарағанды облысында көрсеткіш жоғары. Ішкі істер министрлігі алаяқтықтың алдын-алу мақсатында қазақстандықтарға профилактикалық және ескерту SMS-хабарламаларын жібере бастаған.
 
Б. Сатуов